
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдап, отын-энергетика кешенінің қазіргі ахуалы мен саланы дамыту жоспарлары жөнінде есеп тыңдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында Тоқаевқа еліміздегі негізгі энергетикалық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды. Министр мұнай саласында орнықты өсім сақталып отырғанын атап өтіп, мұнай өңдеу көлемін ұлғайту жоспарымен таныстырды.
Аталған жоспарға сәйкес, Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаты 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 5,5-тен 6,7 миллион тоннаға, ал Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-тен 9 миллион тоннаға дейін арттырылады.
Сонымен қатар, 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар жөнінде мәлімет берілді. Биыл Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталмақ. Бұдан бөлек, Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары негізінде жаңа электр станциялары салу жоспарланып отыр.
Ерлан Ақкенженов «Көмір өндіруді дамыту» ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы да ақпарат ұсынды.
Президент отын-энергетика секторын одан әрі дамытуға, оның ішінде мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергетикасы салаларындағы жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ өндірістік нысандардың тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізудің маңызын атап өтті.