Жаңалықтар

Абай облысында су тасқыны қаупіне байланысты шаралар күшейтіледі

Абай облысында су тасқыны қаупіне байланысты шаралар күшейтіледі / Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Абай облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Вице-премьер облыс әкімі Берік Уәлимен, сондай-ақ, Төтенше жағдайлар және Су ресурстары және ирригация министрліктерінің басшылығымен бірге су тасқыны қаупі бар аумақтарды тексерді. Өзен арналары, гидротехникалық құрылыстар, қорғаныс дамбалары мен су өткізу нысандары, су басу қаупі бар аймақтарда орналасқан елді мекендер қаралып, қар жамылғысының жай-күйі бағаланды.

Бозымбаев Семей қаласын, Жарма, Абай, Бородулиха және Аягөз аудандарын тікұшақпен аралап өтті. Сапар барысында ол Аягөз қаласы мен Шар су қоймасына барып, аудан әкімдерінің атқарылып жатқан шаралар туралы есептерін тыңдады және бірқатар тапсырмалар берді.

Өңірлік биліктің мәліметінше, 64 елді мекен қауіпті аймақта тұр. Олардың үшеуінде су басу қаупі толығымен жойылды, 22 минималды деңгейге дейін төмендетілді, ал 39 қауіп әлі де сақталуда.

Су тасқынына дайындық аясында инженерлік жұмыстар жүргізілді:

  • 42 шақырымға жуық қорғаныс дамбасы салынып, нығайтылды;
  • 7 шақырымнан астам өзен арнасы және 4 шақырым дренаждық және су бұру жүйелері тазартылды;
  • Елді мекендерден 275 мың текше метр қар шығарылды;
  • Өзендердегі мұзды жару жұмыстары жалғасуда.

Азаматтық қорғау жүйесінің күштері жоғары дайындық режиміне көшірілді. Іс-шараларға 1 436 адам мен 543 бірлік техника жұмылдырылған.

«Жалпы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, әуеден барлау нәтижелері көрсеткендей, температура күрт көтеріліп, қар қарқынды еріген жағдайда жекелеген учаскелерде жағдайдың қиындау қаупі сақталады. Осыған байланысты өзен арналары мен су өткізу құрылыстарын уақтылы тазалауға, техниканың, сорғы жабдықтарының және апаттық бригадалардың дайындығына ерекше назар аудару қажет. Әрекет ету алдын алу принципі бойынша құрылуы тиіс», – деп атап өтті вице-премьер.

Облыс әкімдігіне су тасқыны қаупі бар учаскелерге тәулік бойы мониторинг ұйымдастыру, қар шығаруды жеделдету, эвакуациялау жоспарларын өзектендіру және халықты уақтылы хабардар етуді жолға қою тапсырылды.