Жаңалықтар

Алматыда қарасора өсірген екі ер адам ұсталды

Алматыда қарасора өсірген екі ер адам ұсталды / Фото: polisia.kz

Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімшемен бірлесіп, жасырын зертхананың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның мәліметінше, жалдамалы тұрғын үйде құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған жүйе жабдықталған. Ішінде қарасора тобына жататын өсімдіктерді культивациялауға арналған жарықпен және желдеткішпен жабдықталған термошатырлар болған.

Санкцияланған тінту барысында заңсыз айналымнан құрамында есірткі бар өсімдік түптері, кептірілген өсімдік тектес заттар, тұқымдар, электронды таразылар, қаптама материалдары, кептіруге және өсіруге арналған жабдықтар, сондай-ақ ұлттық және шетелдік валютадағы ақшалай қаражат тәркіленді.

Заңсыз өндірісті ұйымдастырды деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев мұндай фактілерді анықтау жұмыстары жүйелі негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз есірткіні заңсыз өсіру және тарату арналарын мақсатты түрде анықтап, жолын кесеміз. Құрамында есірткі бар заттарды өндіруді ұйымдастырудың кез келген әрекеті қатаң тоқтатылады. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мен жастарды қорғау мәселесі», – деп қадап айтты ол.

Полиция мегаполисте есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл шаралары жалғасып жатқанын айтты.