Жаңалықтар

Бапи: Конституция жобасын сынаушы — ескі жүйені қолдаушы популист

Ермұрат Бапи және жаңа Конституция жобасы
Өзін тәуелсіз оппозиционер санайтын Ермұрат Бапи саяси науқан қарсаңында ұстанымын ашып айтты / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жаңа Конституция жобасын сынаушыларды «популист» деп атап, оларды «ескі жүйенің диірменіне су құйып жүр» деп айыптады. Қоғамның «онлайн-протестік бөлігі қоздырып жатқан ішкі толқудан» қауіптенген саясаткер соны мәлімдемесін парламент төрінде жасады.

Ескі жүйенің популистері

4 наурызда Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген Ермұрат Бапи баяндамасын Таяу Шығыстағы күрделі ахуалдан бастап, «аумалы-төкпелі уақытта Қазақстан ел қауіпсіздігі үшін батыл бастамаларға бет бұруға тиіс» деп жалғастырды.

«Осы бағыттағы біз үшін ең маңызды бастама – жалпыхалықтық референдумға ұсынылған жаңа Конституцияның жобасы. Алайда қоғам көптен күткен нақты саяси өзгерістер бастамасының маңызын түйсінбей, қиямпұрыс қылық танытып жүрген жекелеген азаматтар бар», – дейді Бапи.

Алматы қаласынан сайланған депутат сын айтушыларды «популист» деп айыптап үлгерді. Бапидің пікірінше, бұл азаматтар ескі жүйенің шашбауын көтеріп жүр.

«Жаңа Конституцияның жобасын оңды-солды, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп сынаушылар ескі жүйенің «диірменіне су құйып» жүргендерін біле ме екен? Жалпы, елдің іші мен сыртындағы нақты реализм мен конструктивизмнен жұрдай сыншылық бүгінгі жағдайда тап-таза популизмнің үлгісі болмақ», – дейді бірмандатты округ бойынша сайланған депутат.

Бапи жекелеген азаматтардың аты-жөнін атамады. Бірақ жақында ғана 83 жастағы қоғам қайраткері Амалбек Тшан президентке дат айтып, жаңа заң жобасын сынаған. Артынша оның бір туысы есірткімен ұсталғаны мәлім болған.

Ескі Қазақстанмен қоштасу

Бапидің пікірінше, ең басты құжатты дайындау барысында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы басшылыққа алынған.

«Біз бұл жаңа Конституцияны қабылдаған соң, «ескі Қазақстанмен» толық қош айтысамыз!«, – деп есептейді депутат.

Ішкі қауіп туралы сөз қозғаған депутат әлеуметтік желідегі белсенділерді де бір түйреп өтті.

«Дабылы дүлей тәуекел туған шақта қоғамның онлайн-протестік бөлігі қоздырып жатқан ішкі толқу мен тұрақсыздық қандай қатер тудырарын бағамдай алуға тиіспіз. Біз елдік және территориялық тұтастыққа тәнтіміз бе, әлде бізді іштен ірітуге әуес әлдекімдердің әупіліне желігіп, тоз-тоз боп жүре берейік пе?», – дейді Бапи.

Осы сауалға бас қатырған депутат алты минутқа созылған мәлімдемесінің аяғында халықты референдумға шақырды.

Жаңа Конституция жобасына қатысты референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді. Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа парламент – Құрылтай 2026 жылғы 1 қыркүйекте жұмысқа кірісуге тиіс деп мәлімдеген. Жоғарғы палата спикерінің айтуынша, Құрылтайға «дұрыс жұмыс істеген» оппозициялық партия кіре алады.

Ермұрат Бапи өзін тәуелсіз саясаткер, көп жылдық тәжірибесі бар, көпшіліктің мүддесін қорғаушы оппозиционер деп санайды. Ол 2023 жылғы парламент сайлауында Алматы қаласы №3 сайлау округінде жеңіске жеткен. Бапидің сайлаудағы басты қарсыласы – қоғам белсендісі Инга Иманбай дауыс беру нәтижесіне қарсылық білдірген.