Жаңалықтар

Шымкентте мереке қарсаңында әйелдерге 21 мыңнан таратады

5000 теңге
фото: shutterstock

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шымкентте көпбалалы аналарға бір реттік әлеуметтік төлем беріледі. Бір реттік төлемді 14 267 әйел алады деп хабарлайды қала әкімдігі.

Оларға 5 АЕК немесе 21 625 теңгеден төленбек. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді.

«Мерекелік төлем 2026 жылғы 8 наурыздағы жағдай бойынша Шымкентте тұрақты тіркеуі бар әйелдерге қарастырылған. Жалпы қала бойынша 14 267 анаға қаржылай қолдау көрсету жоспарланған», – дейді әкімдік өкілдері.

Материалдық көмек алатын аналар ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» орденімен марапатталған әйелдер де бар.

Тізім «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде автоматты түрде жасалады. Ешқандай өтініш берудің қажеті жоқ, төлем белгіленген тәртіппен есептеледі.

Астанада да мереке қарсаңында көпбалалы әйелдерге бір реттік төлем беріледі, бірақ оның көлемі –  10 813 теңге.