Жаңалықтар

Шымкентте полицейді ұрған жасөспірім сотталды

полиция
Шымкентте полицейді ұрған жасөспірім сотталды / Фото: Shutterstock

Шымкентте жасөспірім полицейге қол көтеріп, оқиға бойынша іс сотта қаралды. Толық мәлімет Шымкент соттарының ресми Telegram арнасында жарияланды.

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігінің 1 және 5-тармақтары (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш қолдану) бойынша айыпталған кәмелетке толмаған А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот 2025 жылдың қарашасында жасөспірім А. Шымкенттің 18-шағын ауданындағы үйлердің бірінің ауласында жүріп, төбелес туралы шақырту бойынша келген полиция қызметкерлерінің қызметтік көлігін тепкенін анықтады.

«Тәртіп сақшылары көліктен түскеннен кейін, ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, олардың бірінің бетінен ұрып, денсаулығына зиян келтірмеген дене жарақаттарын салған», – делінген хабарламада.

Сот сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен расталатынын анықтады.

Прокурор жасөспірімге бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұраған. Жәбірленушілер жаза қолдану мәселесін соттың қарауына қалдырды. Сотталушы кінәсін мойындап, өкінетінін айтты және жеңіл жаза беруді өтінді.

Сот шын ниетпен өкінгенін кінәсін жеңілдететін мән-жай деп таныды.

«Сот кәмелетке толмаған А.-ны кінәлі деп танып, оған 1 жыл 4 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады», – деп атап өтілді хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енді.