
Алматыда қаза тапқан Ақнәр Гүлістанның ісі ішкі істер министрлігіне берілді. Бұл туралы министрдің орынбасары Санжар Әділов Сенат кулуарында мәлімдеді.
Бұған дейін Бас прокуратура қылмыстық істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне берген.
«Қылмыстық іс ішкі істер министрлігі өндірісіне берілді. Қайта тергеу тобын құрып, тергеу әрекеттерін бастадық», – дейді Санжар Әділов.
Айтуынша, жәбірленуші тараптың толық уәжі тексеріледі.
Істің мән-жайы
Ақнәр Гүлістан 2024 жылдың 20 шілдесінде терезеден құлағаннан кейін қаза тапқан. Содан кейін қылмыстық іс өзін-өзі өлтіруге жеткізу бабы бойынша қозғалды. Анасы Гүлістан Хамит қызының кісі қолынан өлгеніне сенімді.
Сол күні Ақнәрдің жанында екі құрбысы Дидар Мұқият пен Рано Асқар болған. Екеуі қылмыстық істе қорғалуға құқығы бар куә деп танылған.
Заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, марқұмның анасы тергеуге жаңа материалдар ұсынған. Алайда ол құжаттар назарға алынбаған. Оған қылмыстық істің ҚК 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қозғалғаны себеп болып отыр.
Заңгер іс «адам өлтіру» не «денсаулыққа қасақана зиян келтіру адам өліміне әкеп соққан жағдай» бойынша қозғалуы керек деп санайды.
Тараптар не дейді
Бұған дейін оқиға орнында болған Рано Асқар Ақнәрдің өліміне қатысты өз нұсқасын жариялады. Сөзінше, сол түні үш қыз сыра, шампань, корей алкоголь сусыны соджуға тапсырыс берген. Содан кейін Ақнәр ұйықтап қалып, оянған кезде айғайлай бастаған.
Ал екінші қыз Дидар Мұқият өзіне «негізсіз жала жабылғанын» айтып, заңды өкілі Жандос Палманов арқылы оқиғаны баяндады. Ақнәрдің терезеден қалай құлағанын Дидар көрмеген. Тек жанындағы құрбысының сөзіне сүйеніп, «терезеден өзі секіріп кетті» деп санаған.