
Марокко корольдік футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Валид Реграгуи қызметінен кеткенін ресми түрде жариялады.
Ұйым бұл жаңалықты ресми YouTube арнасында тікелей эфир барысында хабарлап, маманның орнына жаңа бас бапкер болып Мохаммед Уаби тағайындалғанын мәлімдеді.
Өз шешімін түсіндірген Реграгуи командаға жаңа серпін қажет екенін айтты.
«Құрамаға жаңа тұлға, басқа энергия және жаңа бапкердің көзқарасы керек. Әлем чемпионаты қарсаңында командаға жаңа тыныс пен жаңа бағыт қажет деп ойлаймын. Менің кету туралы шешімім – осы құраманың дамуының бір бөлігі», – деді маман.
Айта кетейік, биыл қаңтар айында Марокко Африка кубогында Сенегал құрамасынан қосымша уақытта 0:1 есебімен жеңіліп қалған еді.
50 жастағы марокколық маман ұлттық құраманы 2022 жылдың тамыз айынан бері жаттықтырды. Осы уақыт аралығында Марокко құрамасы 49 матч өткізіп, оның 36-сында жеңіске жетті. Сондай-ақ 8 ойын тең аяқталып, 5 кездесуде жеңіліс тапты.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына Иран құрамасы қатыспауы мүмкін екенін жазған едік.