Жаңалықтар

Shell кетпейді: мұнай алпауыты Ақтөбеде кен орнын барлау құқығына ие болды

Shell ағылшын компаниясы
фото: shutterstock

Энергетика министрлігі мен «Шелл Қазақстан» компаниясы Ақтөбе облысындағы «Жаңатұрмыс» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Құжат 2032 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Shell Қазақстаннан кетпейді

Ресми мәліметке қарағанда, құжатқа энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен Shell концернінің Қазақстандағы аға вице-президенті әрі төрайымы Сюзанн Куган қол қойды.

«Келісімге сай компания белгіленген аумақта сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізіп, геологиялық деректерді жинап, техникалық бағалау жасайды», – деп түсіндірді министрлік.

Барлау жұмыстары тиісті рұқсат алынғаннан кейін жүзеге асырылады.

«Жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және көмірсутек қорын ұзақмерзімге ұлғайтуға бағытталған. Сонымен бірге бұл бастама тұрақты экономикалық өсімге де серпін береді», – деді вице-министр Ақбаров.

Shell келісімге отыру арқылы Қазақстанға инвестиция салу тоқтамағанын растады.

«Құжат Shell компаниясының Қазақстанмен ұзақмерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін көрсетеді», – деп мәлімдеді компания топ-менеджері Куган.

Ақтөбедегі кен орны туралы

«Жаңатұрмыс» учаскесінің аумағы 1,4 шаршы шақырымды алып жатыр. Ол елдегі болашағы зор мұнай-газ бассейндерінің бірінде орналасқан.

Жоба аясында 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізіліп, терең барлау ұңғымасын бұрғылау мүмкіндігі қарастырылған.

Келісімшарт 2032 жылға дейін жарайды. Министрлік осы мерзімді белгілеу кезінде жобаның ауқымы мен техникалық күрделілігін ескерген.

Бұған қоса Shell учаске орналасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 100 млн теңге бөледі.

Shell реніші

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы ақпанның басында Shell басшысы сот арқылы миллиардтар өндіріп алуға ұмтылған қазақ үкіметіне ренжіген.

«Бұл, әлбетте, біздің Қазақстанға әрі қарай инвестиция құю ниетімізге кері әсер етеді. Осының арты неге әкеп соғатынын білмейінше, қаражат салуды тоқтата тұрамыз», – деп мәлімдеген компанияның бас директоры Ваэль Саван.

Өйткені Қазақстан Батыс елдерінің ірі мұнай компанияларының үстінен шағымданып, халықаралық төрешілерге жүгініп жүр. Жақында Қарашығанақ мұнай кенін игерушілер қазақ үкіметінен сотта жеңіліп қалған. Төреші оларға 4 млрд доллар төлеуді міндеттеуі мүмкін. Қазақ үкіметі осы соттарда Назарбаев дәуіріндегі жемқорлықты басты уәж ретінде қолданды.

Ақпанның аяғында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Shell Қазақстаннан кетпейді деп мәлімдеген.

Shell ағылшын компаниясы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумы акцияларының 29,25%-на ие.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында көмірсутектерді барлау және өндіру бойынша 321 келісімшарт бар.