
Қытай долларлық миллиардерлер саны жағынан АҚШ-ты басып озып, қайтадан көш басына шықты. Мұндай деректер Hurun Global Rich List 2026 есебінде келтірілген.
Бұл есепті қытайлық Hurun Report зерттеу компаниясы дайындаған. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, әлемдегі миллиардерлердің жалпы саны алғаш рет 4 мыңнан асып, 4020 адамға жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 578 адамға көп және жаңа әлемдік рекорд саналады.
Миллиардерлер саны бойынша Қытай қайтадан бірінші орынға шықты. Осылайша ол былтыр АҚШ-қа жіберген есесін қайтарып алды. Қазір Қытайда 1110 миллиардер бар, бұл алдыңғы есеппен салыстырғанда 287 адамға көп.
Ал АҚШ 1000 миллиардермен екінші орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 130 адамға артқан.
Бір қызығы, рейтингтен шыққан адамдар саны 100-ден сәл ғана асады. Ал тізімге 726 жаңа есім қосылған. Бұл дегеніміз – орта есеппен әлемде күн сайын екі жаңа миллиардер пайда болған. Олардың 318-і Қытай елінің өкілдері.
Миллиардерлер саны бойынша алғашқы үштікті Үндістан түйіндейді, бұл елде 308 миллиардер бар. Одан кейінгі орындарда Германия (171), Ұлыбритания (150) және Швейцария (114) орналасқан.
Осыған дейін Forbes әлемдегі миллиардерлердің дәстүрлі тізімін жариялаған болатын. Әлемнің ең бай адамдар тізіміне жеті қазақстандық кәсіпкер енді (2025 жылғы сәуірге сәйкес). Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе, Тимур Турлов, Владимир Ким, Тимур мен Динара Құлыбаевтар және Болат Өтемұратов.
Қай қалада миллиардер шоғырланған
Қалалар арасында миллиардерлер саны бойынша Нью-Йорк үшінші жыл қатарынан өзгеріссіз көш бастап тұр. Бұл қалада 146 миллиардер тұрады.
Әлемдегі ең бай адам ретінде тағы да Илон Маск танылды. Ол Tesla және SpaceX компанияларының басшысы, оның байлығы 792 млрд доллар деп бағаланады.
Екінші орында Джефф Безос тұр. Ол Amazon корпорациясының негізін қалаушы, оның байлығы шамамен 300 млрд доллар деп есептеледі.
2026 жылы Forbes мәліметтері бойынша, әлемнің ең бай адамдарының жалпы байлығы шамамен 19 трлн АҚШ долларына жетті. Бұл капиталдың 76%-ы тек 10 ел мен аймақта шоғырланған.