Жаңалықтар

-33 градусқа дейін аяз, боран және көктайғақ: алдағы күндерге ауа райы болжамы

-33 градусқа дейін аяз, боран және көктайғақ / Фото: Shutterstock

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, алдағы үш күнде Қазақстанда күн күрт суытады. Кейбір аймақтарда ауа температурасы минус 33 градусқа дейін төмендейді.

9 наурызға синоптиктер облыстардың басым бөлігінде дауылды ескерту жариялады. Ел аумағының үлкен бөлігіне Солтүстік-батыс циклоны мен онымен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді. Жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі, кей жерлерде қатты жауады. Сондай-ақ боран, көктайғақ, тұман болып, жел күшейеді.

  • Астана мен Ақмола облысында 9 наурызда қар жауып, боран мен көктайғақ болады. Желдің екпіні 15–20 м/с жетуі мүмкін.
  • Атырау облысында жауын-шашын (негізінен қар) және жаяу боран болжанады. Өңірдің батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман мен көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15–20 м/с, кей жерлерде 25 м/с жетеді. Атырауда да қар, боран және тұман күтіліп, жел 17–22 м/с дейін күшейеді.
  • Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында көктайғақ болады. Солтүстік-батыс желінің екпіні күндіз 15–20 м/с, кей кездері 23–28 м/с дейін жетеді. Ақтауда да көктайғақ болжанады.
  • Қостанай облысында синоптиктер күннің күрт суытатынын ескертеді. 9 наурызға қараған түні температура 17–22 градусқа дейін, солтүстік пен батыста 25 градусқа дейін төмендейді. 10 наурызда түнгі аяз күшейіп, 25–30 градусты, облыстың солтүстігінде 33 градусты көрсетеді. Қостанайда 9 наурызда түнде −19…−21°C, 10 наурызда −28…−30°C болады.
  • Күннің суытуы Батыс Қазақстан облысында да күтіледі: 9 наурызға қараған түні температура −20…−25°C, оңтүстік пен батыста −12…−17°C болады. 10 наурыздың түніне қарай аяз −23…−28°C-қа дейін күшейеді.
  • Қызылорда облысында таңертең және күндіз солтүстік пен оңтүстікте жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ пен боран болуы мүмкін. Батыстан және оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз облыстың солтүстігі мен орталығында 15–20 м/с, кей кездері 25 м/с жетеді.
  • Павлодар облысының батысында, солтүстігінде және шығысында аздаған жауын-шашын, жаяу боран мен көктайғақ күтіледі. Түнде оңтүстік-батыс желінің екпіні 15–20 м/с жетуі мүмкін. Павлодарда да түнде көктайғақ болжанады.
  • Солтүстік Қазақстан облысында түнде қар, боран және көктайғақ күтіледі, күндіз облыстың оңтүстігі мен батысында да қар мен боран болуы мүмкін. Түнде желдің екпіні 23–28 м/с жетуі ықтимал. Бұл ретте 10 наурызда күн күрт суытып, −25…−30°C-қа, кей жерлерде −33°C-қа дейін төмендейді.
  • Ақтөбе облысында 9 наурыздың түні мен күндізінде қар жауып, жаяу боран болады, кей жерлерде қалың қар түседі. Желдің екпіні 23 м/с жетуі мүмкін. Ақтөбеде де қар мен боран болжанады.
  • Жауын-шашын, көктайғақ пен боран Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында болуы мүмкін. Семейде күннің екінші жартысында, Өскеменде де көктайғақ күтіледі.
  • Елдің оңтүстігінде жаңбыр жауады. Жамбыл облысының таулы аймақтарында қатты жаңбыр мен 23–28 м/с дейін күшті жел күтіледі. Түркістан облысында күндіз оңтүстікте және таулы аймақтарда қатты жаңбыр жауып, кей жерлерде найзағай ойнап, тұман түседі. Шымкентте де жаңбыр, найзағай болып, желдің екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді.

Бұдан бөлек, синоптиктер 10–11 наурызда бірқатар өңірлерде температураның одан әрі төмендейтінін ескертеді. Аяз Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында күшейеді. Кейінірек күннің суытуы Абай, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында да байқалады.