
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыс сапасын арттыру үшін бірыңғай цифрлық платформа қалай енгізіліп жатқанын айтып берді.
Үкіметте баяндама жасаған Нағаспаев қазір құрылыс саласында үш ақпараттық жүйе жұмыс істейтінін айтты. Олар:
- Жоспарлау – Градкадастр жүйесінде;
- Жобалық құжаттаманы сараптау – мемлекеттік сараптама үшін «E-PSD» жүйесінде ал жеке сараптама үшін «Сарапшылар палатасы» жүйесінде;
- e-Qurylys – құрылыс жүйесінде жүргізіледі.
Министр осыған дейін аталған жүйелер әрқайсысы дербес жұмыс істеп келгенін атап өтті. Сондықтан барлық ақпараттық жүйелерді біріктіретін және құрылыс объектілерінің барлық кезеңін қамтитын біріккен құрылыс порталы құрылған.
«Құрылыста отандық тауарларды қолданудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында отандық тауар өндірушілер тізілімін құру құрылыс каталогындағы кодттарды беру арқылы жасалады. Жүйе осы жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық режимде іске қосылды», – дейді ол.
Құрылыс саласында ЖИ қалай қолданылады
Ерсайын Нағаспаев жоғарыда аталған порталда BIM-технологияларын енгізу жұмыстары басталғанын, қазірдің өзінде 40-тан астам мемлекеттік қызметтер автоматтандырылғанын айтады. Жүйе объектілердің электрондық 3D-модельдерімен IFC нейтралды форматында жобаларды визуалды талдауға мүмкіндік береді.
«Бұл барлық ақпаратты бір цифрлық ортаға біріктіріп, жобалық шешімдердің сапасын мемлекеттік деңгейде автоматтандыру түрде бақылауды қамтамасыз етеді. Осы жылдың бірінші тоқсанында пилоттық режимде құжаттың толықтығын тексеру үшін жасанды интеллектіні қолдану жоспарланып отыр. Кейін оны сметалық есептеулер мен жобалық нормаларды тексеруде қолдану жоспарлануда», – дейді ол.
Айта кетейік, министр Қазақстанда автокомпоненттерді локализациялау бойынша жаңа жобалар іске қосылатынын мәлімдеген.