Жаңалықтар

Қытайлықтар сатып алатын күнбағыс майының айтарлықтай үлесі Қазақстаннан келеді

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Қытайға күнбағыс майын жеткізуші елдер арасында екінші орынға шықты және ҚХР нарығының 36%-ын қамтамасыз етті. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ мәлімдеді.

Экспорт көлемі артты

Компания деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның Қытайға май-тоңмай өнімдерін экспорты 44%-ға өсіп, 440 мың тоннаға жетті. Одан түскен табыс та 37%-ға көбейіп, 312 млн долларды құрады.

«Qazaq-Astyk Group» ЖШС май зауытының коммерциялық директоры Александр Буженицаның айтуынша, экспорттың өсуіне логистикадағы және теміржол тасымалдарын жоспарлау жүйесіндегі өзгерістер әсер еткен.

2024 жылдың ақпан айынан бастап Өңдеушілер қауымдастығы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, «Достық – Алашанькоу» шекаралық өткелі арқылы теміржол цистерналарымен өсімдік майын жөнелтуді келісудің пилоттық механизмін іске қосты.

Жаңа тәсіл май өндірісімен айналыспайтын трейдерлік және экспедиторлық компаниялардың өтінімдерін алып тастауға мүмкіндік берді.

Бұрынғы жүйе қалай жұмыс істеді

Бұрын көптеген делдалдар нақты келісімшарттары, өнімдері немесе вагондары болмаса да тасымалдауға өтінім беретін. Соның салдарынан нақты өндірушілер экспортқа қажетті слоттарды ала алмайтын жағдайлар жиі болатын.

Нәтижесінде Қытайға май жеткізу жоспарларының орындалуы кейде 40%-дан аспай қалатын.

Реформадан кейін не өзгерді

Механизм өзгергеннен кейін өтінімдер негізінен нақты экспорттық келісімшарттары бар өндірушілерден қабылдана бастады. Буженицаның айтуынша, бұл логистиканың тиімділігін айтарлықтай арттырды.

2024 жылдың басынан бері жөнелту жоспарларының ай сайынғы орындалуы орта есеппен 90%-дан жоғары деңгейге жетті.

Жаңа пилоттық жоба

Биыл наурыз айында Өңдеушілер қауымдастығы мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ тағы бір пилоттық жобаны іске қосты. Ол Қытай бағыты бойынша астық таситын вагондармен түйіршіктелген күнбағыс өңдеу қалдығын экспорттау жоспарларын келісуге қатысты.

Сарапшылардың айтуынша, Қытай нарығына тұрақты жеткізілімдер экспорттық бағалардың бәсекеге қабілетті деңгейін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазақстандық шаруалардың ауыл шаруашылығы шикізатына деген сұранысты арттырады.

Айта кетейік, Қазақстан күнбағыс майын өндіруден әлемнің үштігіне кіруді, май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд доллардан асыруды жоспарлап отыр.