
ҚазАвтоЖол ауа райының нашарлауына байланысты үш облыстағы республикалық маңызы бар тас жолдардың бірнеше учаскесін жабылғанын хабарлады. Шектеулер Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарында енгізілген.
Қай жолдар жабық
Ақмола облысы:
- «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 30-92 шақырым аралығы (Жібек жолы ақы алу пункті – Қарағанды облысының шекарасы);
- «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 16-200 шақырым аралығы (Астана қаласы — Павлодар облысының шекарасы).
Аталған автожолдарда барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Павлодар облысы:
- «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 200-254 шақырым аралығы (Ақмола облысының шекарасы – Шідерті кенті).
Қарағанды облысы:
- «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 92-164 шақырым аралығы (Ақмола облысының шекарасы – Теміртау ақы алу пункті);
- «Астана – Қабанбай батыр – Нұра –Теміртау» автожолының 51-164 шақырым аралығы (Ақмола облысының шекарасы – Теміртау қаласы).
Шектеу енгізілген жол учаскелерін 10 наурыз сағат 12:00-де ашу жоспарланған.
Астана маңына қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтады
Бұдан бөлек, елордалық City Transportation Systems көлік компаниясы қала маңындағы бірқатар маршрутты уақытша тоқтатқанын хабарлады.
«Ауа-райының нашарлауына және бірқатар тасжолдардың жабық болуына байланысты № 305, 312, 329 қала маңы бағдарлардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Басқа қала маңына қатынайтын бағдарлар линияда«,– делінген хабарламада.
Айта кетейік, синоптиктер Астана, Алматы және Шымкент қалаларында және Қазақстанның барлық 17 облысында қауіпті ауа райы құбылыстары болуы мүмкін екенін ескертті.