
Енді қазақстандықтар табиғат апатынан келетін қауіптен сақтану үшін міндетті түрде жарна төлеуі керек болады. Бұл туралы ҚНРДА есебінде жазылған.
Агенттік дерегінше, Үкімет Азия даму банкі және Дүнижүзілік банкпен бірге табиғат апаттарынан тұрғын үйді сақтандыру моделін әзірлеген. Егер жаңа заң қабылданса, тәуекелі жоғары 16 өңірдегі үй иелері міндетті түрде сақтандыру төлеуі керек.
Сақтандыру жарнасының көлемі 2 мың мен 20 мың теңге аралығында болады. Ал апаттан зардап шеккендер 1 млн – 10 млн теңге аралығында сақтандыру төлемін ала алады.
Сақтандыру не үшін төленеді?
Сақтандыру жер сілкінісі, су тасқыны, орман өртінен болған зардаптың шығынын өтейді. Сондай-ақ сақтандыру жарнасын жинайтын және зардап шеккендерге төлем жасайтын ортақ оператор құру көзделіп отыр.
Қазақстанда бірыңғай қайта сақтандыру пулы да құрылады. Жекеменшік компаниялар осындай әрбір шарт бойынша сақтандыру сыйлық ақысының бір бөлігін осы пулға аударатын болады.
Бастапқыда жоба Жамбыл облысы, Алматы және Шымкентте сынақ ретінде жүреді, кейін өзге өңірлерге де таралады. Сонымен қатар, тұрғын үй иелері үшін үш жылдық кейінге қалдыру кезеңін енгізу жоспарланып отыр. Яғни тұрғын үй иелері міндетті жарналарды бірден төлемейді. Жарна төлеу де, сақтандыру төлемдерін алу да тек үш жылдан кейін басталады.
Құжат 6 кодекс пен 18 заңға өзгеріс енгізуді көздейді. Оны 2026 жылғы маусымда Үкіметке, ал тамызда Парламентке енгізу жоспарланып отыр.
Апатты аймақта тұратын қазақстандықтар үйін сақтандыру мүмкін деген ұсыныс былтыр күзде үкіметте айтылған.
«Бұл келешекте осындай төтенше жағдайлар болған кезде азаматтар мемлекетке немесе бизнеске ғана үміт артпай, өз бетімен үйлерін қалпына келтіре алуы, жаңа баспана сатып алуы және бүлінген мүлкін өтей алуы үшін қажет», – деп түсіндірген еді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.