Lifestyle

Айдана Меденоваға дөрекілік көрсетіп, итеріп құлата жаздады

Айдана Меденова / фото: Instagram
Айдана Меденова / фото: Instagram

Айдана Меденова кеше өткен концертте үйлестіруші дөрекілік көрсетіп, қатты итеріп құлата жаздағанын айтты.

Менмен адамдардың бұл қызметке қалай келгеніне таңырқады.

«Негізі менің мінезім өте жұмсақ. Өнерде, өмірде де, жұмыста да көп жерде менің шекарамды бұзып жатса да, үндемей қоя саламын. Әсіресе, ол адамның жасы үлкен болса. Неге ондай екенімді білмеймін. Өте жұмсақпын. Жанжал шығармаймын. Бірақ бүгінгі болған жағдай мені қалыбымнан шығарып жіберді», – деді әнші.

Айдана Меденованың айтуынша, оқыс оқиға сахнаның артында болған. Әнін айту үшін сахнаға қарай бара жатқан кезде, Жадыра деген үйлестіруші итеріп жіберген.

«Ол бізбен өте дөрекі, тәкаппарлықпен сөйлесті. Сұрақтарымды қойсам, дөрекілікпен жауап береді. Мен не болғанын түсінбей, абдырап қалдым. Ол аз болғандай, мені итере бастады. Менің әнім әлі қосылған жоқ. Атым айтылған жоқ. Жүргізуші хабарлап, сахнаға шығару керек емес пе?» – деді Айдана Меденова.

Әншінің айтуынша, ол орындаушыларға қатысы жоқ нәрселерді айтып, беталбаты ұрыса жөнелген. Айдана Меденова қазір сахнаға шақырылатынын білетінін, дайын екенін айтып, сабырға шақырған. Ойында ештеңе болмаған.

«Бір кезде ол мені қатты итеріп жіберді. Сәл болмағанда, құлап қала жаздадым. Өйткені, аяғымда биік өкше. Есеңгіреп, не істерімді білмей қалдым. Әнімді қосқанда, өтірік жымиып, сахнаға шықтым. Шынымды айтсам, бұрылып, кетіп қалғым келді. Көрермендерге, концертке деген құрметім ғана ұстап қалды», – деді Айдана Меденова.

Оны жоғары деңгейдегі концерттерде осындай үйлестірушілердің жұмыс істейтіні қатты таң қалдырған.

«Аспаннан түсіп, адамдармен адамша сөйлесу керек деп ойлаймын», – деді әнші.

Мұның алдында Айдана Меденова хиджабты не үшін шешкенін түсіндірген еді.