
Қазақстанда моноқалалар тізімі жаңартылды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 10 наурыздағы бұйрығына сәйкес, Екібастұз қаласы моноқалалар тізімінен шығарылды.
Ұлттық экономика министрлігі моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кешенді талдау жүргізілгенін хабарлады. Талдау 78 негізгі көрсеткіш бойынша жасалған, оның ішінде өнеркәсіп өндірісінің динамикасы, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерліктің дамуы, жұмыспен қамту құрылымы және экономиканың тұрақтылығын сипаттайтын басқа да параметрлер қамтылған.
«Талдау нәтижесі бойынша, Екібастұз экономиканы әртараптандырудың тұрақты үрдісін, дамудың монопрофильді моделінен біртіндеп шығуды көрсетті. Қала экономикасы теңдестірілген салалық құрылыммен, өнеркәсіптің тұрақты өсуімен және жоғары инвестициялық белсенділікпен сипатталады», – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Екібастұз еліміздің энергетика және металлургия саласында шешуші рөл атқаратын маңызды өнеркәсіп орталығы болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 629,4 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,1%-ға артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 429,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 1,2 есеге өсті.
Қала халқы экономиканың бірнеше саласында еңбек етеді, бұл бір ғана қала құраушы кәсіпорынға тәуелділіктің төмендегенін көрсетеді.
«Осыған байланысты, оң әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, Екібастұзды моноқалалар тізбесінен шығару туралы шешім қабылданды«, – деп мәлімдеді ведомсвто.
Енді тізімде 19 моноқала қалды: Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау.
Айта кетейік, Екібастұзда жалпы қуаты 200 МВт болатын төрт деректер орталығы салынады.