
Көктемде 30-дан астам өңірде су тасқыны болу қаупі бар. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
«Бес өңірде су тасқыны болу қаупі бар: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облысы. Ішінде Ақмола және Абай облысында қауіп жоғары. Дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 92% жоспар орындалды. Қазақстан бойынша 39 мың маман бар, 12 мың техника дайын. Қапшықтар дайындалды», – дейді Бозымбаев.
Айтуынша, бөгет орнату, арықтарды тазарту бойынша әкімдіктерге тапсырма берілді.
«Су келсе, сол арықтар арқылы әрі қарай жіберу керек. Ақмола облысында қар көлемі былтырмен салыстырғанда көп. Ең басты міндет – ауылдардан қарды шығару», – дейді Бозымбаев.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, елдегі 229 жол учаскесін қар суы шайып кетуі мүмкін. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 160 шақырымды құрайды.