
Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау сияқты арнаулы статусы бар қаланы құру бастамасын бұрын әлемнің бірнеше мемлекеті көтеріп көрген. Алайда ондай жобалардың 60 пайызы құрдымға кеткен. Kursiv.Media тілшісі осы ретте Бозымбаевтан «Алатау да соның кебін кимей ме?» деп сұрады.
Қанат Бозымбаевтың сөзінше, Таяу Шығыстағы мемлекеттердің бірінде «арнаулы туристік үлкен қала саламыз, инвесторларды тартамыз, АҚШ пен Еуропадан инвесторлар келеді» деген бастама болған. Ал сол қаланы салу кезінде тұрғындардың құқығы ескерілмеген. Соның салдарынан инвесторлар келмей, жобалар жүзеге аспай қалған.
«Халыққа әділ өтемақы төленбесе, инвестор келмейді. Өйткені олар адам құқықтарына қатты мән береді», – деді ол.
Бозымбаев Алатауда мұндай жағдай болмайтынын айтты. Оның сөзінше, Алатауда жері бар фермерлердің жер аумағы нарықтық бағамен сатып алынады немесе оларға «екі жыл ішінде инвестор тауып, бас жоспарға сай тиісті нысандарды сал, әйтпесе жер салығы 10 есе көбейеді» деп шарт қойылмақ.
«Осындай сәтсіз болған қалалардың мысалына талдау жасап, тиісті заңның баптарына өзгерістер енгіздік. Бюрократиялық мәселелер, соттың әлсіздігі бар. Бір мемлекетте үлкен көлік логистикалық аумақты жасаған. Губернатор шешім қабылдағанымен, Үкімет қарсы болған. Сот болды. Ақыры инвестор осыны көріп, кетіп қалған. Сондықтан бізде тиесілі құжаттар бізде қала деңгейінде бекітіледі. Ол құжаттарды Премьер-министр басқаратын кеңес бекітеді», – дейді Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, бүгін Парламент депутаттары бірінші оқылымда «Алатау қаласының арнайы режимі туралы» Конституциялық заң жобасын қабылдады.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Алатауды басқаратын Кеңес құрамында кімдер кіретінін айтты.