Жаңалықтар

Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға 10 трлн теңге қажет

Алатау
2050 жылға дейін инфрақұрылымға 10 трлн теңге қажет / alatau.city бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

2050 жылға дейін Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға 10 трлн теңге қажет. Бұл туралы мәжіліс кулуарында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

«Қаланың бүкіл бюджетінің жобасы жайлы айтуға әлі ерте. Өйткені алдағы үш айда көпжылдық стратегия бекітіледі. Сол стратегияның негізінде бюджетін нақты айтуға болады. Дегенмен қала инфрақұрылымын дамытуға қатысты нақты жоспар бекітілген. Соған сәйкес, 2050-жылға дейін инфрақұрылымды дамытуға 10 трлн теңгеден аса қаржы қажет», – деді Бозымбаев.

Сонымен қатар шетелдік инвесторлардан тартылатын қаржыны қоса алғанда, қала экономикасы 50 млрд доллардан асады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде инвесторлар 44 жоба әзірлеген. Жалпы сомасы 1,8 трлн теңгеден асады.

Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай мен Ресей инвесторлары, Қазақстанның ірі кәсіпкерлері де жаңа қалаға инвестиция салуға ниетті. Бозымбаевтың айтуынша, қажетті заң мен құжаттар қабылданған соң инвесторлар қатары 2-3 есе артады.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қабылданды. Оған дейін заңгер Бақытжан Базарбек арнайы заңның не үшін қабылданып жатқанын түсіндіріп өтті.

Алатау өзін-өзі қамтығанша қала бюджетінен қаржы алуға тыйым салынады. Сонымен қатар жер шетелдік инвесторларға жалға беріледі.