
Kusto Group негізін қалаушының бірі, долларлық миллионер Қанат Көпбаев Қазақстанда жүк тасымалдайтын әуе компаниясын құрмақшы. Бірақ оны мемлекет көмегінсіз жеке іске асырмақ. Бұл туралы ол Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында айтты.
«Бұл жобаны осыдан бірнеше жыл бұрын, пандемия кезінде ойластырған едім. Ол кезде Қазақстанға дәрілер мен медициналық құрал-жабдықтар алып келгіміз келді, бірақ әуемен жүк тасымалдау кезінде проблема болды. Шетелдік әуе компанияларда артық борт шықпады. Амал жоқ барлығын Еуропадан фуралармен алып келдік, бірақ ол тым көп уақыт алды. Сол кезде алғаш рет елімізде әуе тасымалдау нарығында ойыншы жоқ деген ой келді», – дейді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, жүк әуекомпаниясының болуы тек экономиканың емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып тұр.
«Әлемде түрлі дағдарыс, пандемия, шиеленіс болады. Ондай сәтте тек шетелдік тасымалдаушыларға байланып отыру дұрыс емес. Өкінішке орай, қазір Қазақстанда өзінің хабы, өзінің базасы бар, толыққанды жүк тасымалдайтын әуе компаниясы жоқ», – деп түсіндіреді кәсіпкер.
Ол жүк тасымалдайтын мемлекеттік компанияның да, жеке компанияның болуы да бір-біріне кедергі жасамайды деп есептейді.
Сәл екі-үш жыл кешіксек, көршілер басып озады
Қанат Көпбаев сұхбатында бұл бағытта тезірек алға жылжу қажет деген ой айтады.
«Біздің еліміз сауда жолдарының тоғысында орналасқан. Елдің оңтүстігі мен солтүстігінде, батысы мен шығысында да әуе хабтарын құра аламыз. Бірақ осы нарықтың ойыншысы атануымызға аз ғана уақыт қалды. Екі-үш жыл ішінде бізді Қырғызстан мен Өзбекстан басып озуы мүмкін. Олар бұл нарықты дамытып жатқанына біраз болды», – дейді бизнесмен.
Бірақ Қазақстан үшін басты бәсекелес Өзбекстан мен Қырғызстан емес, БАӘ болуы керек деген пікірде. Арабтар бірнеше жыл бұрын sea-to-air маршрутын ашқан. Сол арқылы Қытай порттарындағы жүкті теңізбен Дубайға дейін әкеледі, одан әрі ұшақпен Еуропа, Африкаға жеткізеді.
«Бірақ ол жүкті біз «тасымалдауымыз» керек еді. Яғни Қытайдан біздің әуежайларымызға дейін жетіп, ары қарай қазақстандық жүк борттары арқылы жан-жаққа таратуға болар еді. Егер дәл қазір іске кіріспесек, бірнеше жылдан кейін Орталық Азия арқылы өтетін Еуропа-Азия транзитінен толық айырыламыз. Бұл – ақымақтық», – дейді Көпбаев.
Оның сөзінше, жүк тасымалдаушы әуе компаниясын құру үшін кемінде 30 млн доллар болуы тиіс. Тек лицензия алудың өзі 3 млн долларды қажет етеді. Міндетті түрде бір-екі жүк бортын сатып алу керек, өзгелерін жалға алуға болады.
Қанат Көпбаевтың дәулеті 187 млн доллар деп бағаланады. Forbes Kazakhstan-ның ең ықпалды бизнесмендер тізімінде 75 адамның ішінде 52-орында тұр. Kusto Group акционері, директорлар кеңесінің мүшесі.
Жүк тасымалдайтын әуе компаниясын құру туралы жыл басында Тоқаев айтқан. Ол әлі күнге дейін елде мемлекеттік компания құрылмағанын сынап, оны «кешірілмейтін қателік» деп бағалады. Президент сынынан кейін ҚТЖ елде KTZ Air Cargo атты жүк тасымалдаушы әуе компаниясы құрылатынын хабарлады. Әзірге жүк флоты жасақталып жатыр.