Жаңалықтар

Тоқаевтың атынан бүкіл облыста ауызашар берілді: Кімдер қатысты

Президент Тоқаев ауызашар берді / фото: ҚМДБ

Рамазан айының соңғы күнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан еліміздің барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларында ауызашар дастарханы жайылды. Бұл туралы ҚМДБ хабарлады.

Алматы қаласындағы рухани кеш

Алматы қаласында өткен ауызашарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жиналған қауымды қасиетті аймен құттықтады.

Ауызашар дастарханына зиялы қауым өкілдері, өнер адамдары, түрлі еңбек ұжымдары, қарттар үйінің тұрғындары, мешіт жамағаты мен имамдар шақырылды. Олардың арасында Роза Рымбаева, Алтынбек Қоразбаев, Тұнғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Асылы Осман, Азамат Сатыбалды, Болат Әбділманов сияқты белгілі тұлғалар, сондай-ақ Қанат Ислам мен Асу Алмабаев сынды спортшылар болды.

фото: ҚМДБ

Рухани тәрбие мен ізгілікке үндеу

Ауызашар барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды сөз сөйлеп, Рамазан айының қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айының рухани тәрбиелік мәніне тоқталып, жамағатты ізгілік пен қайырымдылыққа үндеді. Рамазан – мейірім мен берекенің айы екенін, бұл айда мұсылман баласы сабыр мен шүкіршілікке үйреніп, мұқтаж жандарға жанашырлық танытатынын айтты.

фото: ҚМДБ

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, ел бірлігі мен руханият тақырыбында тағылымды ойларымен бөлісті.

Ауызашар дастарханы басында дәстүрлі әндер шырқалып, күмбірлеген күй орындалды. Ата-бабалар рухына Құран бағышталып, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға жасалды.

фото: ҚМДБ

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұйымдастырылған ауызашарлар еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте өткізіліп, түрлі сала өкілдерін қамтыды.

Ал 20 наурыз президент Қазақстан халқын Ораза айт мерекесімен құттықтады.