Жаңалықтар

Екі айдан кейін Түркістанға Түркі мемлекеттерінің президенттері жиналады

Түркістан
фото: GETTY IMAGES

Мамырда Түркістанда Түркі мемлекеттерінің басшылары жиналады. Бұл жайлы бүгін Тоқаев айтты.

«Мамыр айының ортасында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының аясындағы тиісті мемлекеттер басшыларының ең жоғары деңгейдегі жиыны жоспарланып отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін өте маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік осы жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек», – деді ол Түркістан халқымен кездесуде.

Президент Түркістанның тарихи маңызын, Қазақ хандығының саяси орталығының бірі болғанын атап өтті. Өңірдің қазіргі дамуына да жақсы баға берді.

«Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын», – деді ол.

Тоқаев сөзінше, биыл облыс экономикасы 14%-ға өскен. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды, ал салық түсімі 1 трлн теңгеден асты. Ол Түркістанның тарихи келбетін сақтап қалуға ерекше мән беретінін де айтты.

Қазір мемлекет басшысы Түркістанда жұмыс сапарымен жүр. Ол облыс халқымен кездесіп, барша қазақ халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.