Жаңалықтар

Президент Түркістандағы бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды

Кентау қаласы
Кентаудағы жылу қазандықтары / фото: ЮК сайтынан

Түркістанға жұмыс сапарымен барған Тоқаев Кентауда салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды.

«Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын», – деді ол.

Президент сөзінше, қазір аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам жұмысқа орналасып жатыр. 70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға да қомақты қаржы бөлінген.

«Мен әрдайым айтып жүремін: аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек», – деді президент.

Қазір ел бойынша төрт бу-газ қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Жақында Ақтаудағы бу-газ қондырғысын қытайлық компания салатыны белгілі болды.