Жаңалықтар

Өзбекстан құрамасы сегіз футболшысынан айырылды

Фото: Uzbekistanfa

Өзбекстан футбол қауымдастығы ұлттық құраманың алдағы FIFA Series турнирі алдындағы кадрлық қиындықтары туралы мәлімдеді.

Құрама 22 наурыздан бастап Ташкент қаласында оқу-жаттығу жиынын бастайды. Бұған дейін бас бапкер Фабио Каннаваро шақырту алған ойыншылардың тізімін жариялаған еді. Алайда кеңейтілген құрамға енген бірқатар футболшылар жарақатына байланысты жиынға қатыса алмайды.

Атап айтқанда, Жалолиддин Машарипов, Хусниддин Аликулов, Аббосбек Файзуллаев, Дильшод Комилов, Иброхимхалил Юлдошев, Абдулла Абдуллаев, Алибек Давронов және Хусаин Норчаев жарақаттарына байланысты қатардан тыс қалды.

Айта кетейік, FIFA Series аясында Өзбекстан құрамасы 27 наурыз күні Габон құрамасына қарсы ойнайды. Ал 30 наурызда Венесуэла командасымен кездеседі. Екі матч та Бунёдкор стадионы аренасында өтіп, 19:00-де басталады.

Еске салайық, биыл жазда Өзбекстан құрамасы алғаш рет футболдан әлем чемпионатына қатысады. 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты топтық кезеңінде Португалия, Колумбия және құрлықаралық плей-офф жеңімпазымен (Конго Демократиялық Республикасы, Ямайка немесе Жаңа Каледония) күш сынасады.