Еркебұлан Тоқтар спортпен қоштаса ма: жеңілістен кейінгі күтпеген мәлімдеме

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Screenshot

Ереван төрінде өткен кезекті ММА кеші қазақстандық файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтар үшін ауыр соққымен аяқталды. Қырғызстандық спортшы Марсель Нұрланбекұлынан жеңілген Еркебұлан жекпе-жектен кейін спорттық мансабына қатысты маңызды шешім қабылдауы мүмкін екенін жеткізді.

Моральдық шаршау және жаңа басымдықтар

3 раундқа созылған тартысты кездесуден кейін Еркебұлан Тоқтар өзінің ішкі күйімен бөлісті. Ол жеңілудің ащы дәмін сезініп қана қоймай, спорттан моральдық тұрғыда қажығанын ашық айтты.

«Үйленіп, отбасыма көңіл бөлгім кеп жүр», – деді спортшы октагонның ішінде берген сұхбатында.

Қуат Хамитовтың қолдауы: «Еңсеңді түсірме!»

Кеш жүргізушісі ретінде қатысқан танымал файтер Қуат Хамитов қиын сәтте әріптесіне қолдау көрсетіп, жылы лебізін білдірді. Қуат Еркебұланды жігерлендіріп, кез келген шешімін құрметтейтінін айтты:

«Еркебұлан, сен қандай шешім қабылдасаң да, біз сені қолдаймыз. Осыдан бес жыл бұрын да ұтылып, бірақ артынша одан да мықты болып қайтып келдің. Сондықтан еңсеңді түсірме, қазақ елі сенімен бірге», — деді Қуат Хамитов.

Әзірге Еркебұланның демалыс алып, жеке өміріне көңіл бөлетіні анық. Ал оның спорттық мансабындағы үзілісі қаншаға созылатыны әзірге белгісіз.

Бұл кездесуден кейін Еркебұлан келесі ықтимал қарсыласы өзбекстандық спортшыға жауап берді:

«Шыны керек өзбектермен ерегесіп шаршадым, дос болайықшы», – деді Еркебұлан.

Еске сала кетейік, Еркебұлан Тоқтар Gold лақап атымен танымал өзбекстандық Шахзод Узақовпен жекпе-жекке шығу керек еді. Алайда өзбекстандық спортшы үш жарым жылға сотталып кетті.

Сондай-ақ оқыңыз