
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жол қозғалысы қауіпсіздігі және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынның басты мақсаты қала жолдарындағы тәртіпті нығайту және апаттық жағдайларды азайту.
Қауіпсіздік пен бақылау
Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы оқиғадан кейін әкім құқық қорғау органдарына бақылауды қатаңдатуды тапсырды. Енді жол ережесін бұзу, соның ішінде көлікті дұрыс қоймау секілді әрекеттер үшін полиция қатаң шаралар қолданатын болады. Сондай-ақ, қауіпсіздікті арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жалғаспақ.
Жол жөндеу жұмыстары
Биыл қала бойынша ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі:
- 360 көше орташа жөндеуден өтеді;
- 17 магистральды жол толық жаңартылады.
Қазіргі уақытта жол жабынындағы ақауларды жою және люктерді реттеу жұмыстары басталып кетті. Әкім мердігер ұйымдарға жұмыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтауды жүктеді.
Еске салайық, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында жол апаты болып, үш адам қайтыс болды. Ал апатқа кінәлі деген күдікті ауруханаға түсті. Осы жағдайға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді.