
Әлемдік мұнай нарығында баға тағы да шарықтады. Brent маркалы мұнайдың құны 2,3%-ға өсіп, психологиялық маңызды көрсеткіш – барреліне 115 доллар межесінен асып түсті. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері эталондық мұнай сорты рекордтық 90%-ға қымбаттаған. Тек наурыз айының өзінде баға көрсеткіштері 50%-дан астам өсті.
Нарықтағы соңғы сандар:
Brent фьючерстері 2,74%-ға өсіп, 115,66 доллар болды. WTI (West Texas Intermediate) мұнайы 2,93%-ға қымбаттап, барреліне 102,56 доллар деңгейіне жетті. Oilprice мәліметінше (3 күндік кідіріспен) Қазақстан бренді CPC blend 123,12 долларға саудалануда.
Сарапшылар не дейді?
Инвесторлар арасындағы «қақтығыс тез аяқталады» деген үміт үзілді. Бұған өткен демалыс күндері хуситтердің Таяу Шығыстағы шиеленіске белсенді араласуы себеп болған. Vantage Global Prime сарапшыларының пайымдауынша, нарық жаңа фазаға қадам басты. Енді бағаның негізгі драйвері – мұнай жеткізу тізбегінің үзілу қаупі болмақ.
«Бір ай бойы нарықтар қақтығыс локальді әрі қысқа болады деп болжаған еді. Алайда хуситтердің әрекеті бұл оптимизмді жоққа шығарды. Осы аптадан бастап жағдай түбегейлі өзгерді: соғыстың ұзаққа созылу қаупі басым болып тұр», – деп атап өтті Vantage Global Prime аға сарапшысы Хебе Чен.
Еске сала кетейік, Ормуз бұғазындағы танкерлер қозғалысы төңірегіндегі түсініксіздік пен Иран мәселесінің 6 сәуірге дейін кейінге шегерілуі мұнай нарығындағы тапшылық қаупін күшейте түсуде.