Жаңалықтар

Полицей әйелді 13 млн теңге несие рәсімдемек болған алаяқтардан қорғап қалды

eGov mobile арқылы несиелер тоқтатылып, банктерге жедел хабар берілген / Фото: Pixabay.com
eGov mobile арқылы несиелер тоқтатылып, банктерге жедел хабар берілген / Фото: Pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкері 40 жастағы әйелді 13 млн теңгеге несие рәсімдемек болған алаяқтардан қорғап қалды.

Polisia.kz хабарлауынша, Тайынша қаласының тұрғыны интернет-алаяқтардың сөзіне сеніп, бірнеше банк арқылы 13 млн теңгеге несие рәсімдемек болған. Олар өздерін банктің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, әйелді «айна несие» алуға және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Осы кезде полиция тергеушісі Еламан Ермеков әйелге алаяқтардың құрбаны болғанын түсіндіреді. Оның көмегімен eGov mobile арқылы несиелер тоқтатылып, банктерге жедел хабар берілген. Нәтижесінде 13 млн теңге шығынның алды алынды.

Полицияның ескертуіне қарағанда, банк те, құқық қорғау органдары да телефон арқылы несие рәсімдеуді сұрамайды. Күмәнді қоңырау болса, әңгімені бірден тоқтатып, ақпаратты тек ресми көздерден тексеру қажет.

Соңғы кездері цифрлық теңгеге инвестиция салуға үгіттейтін алаяқтар көбейіп отыр.