
Жүргізушісіз жүретін таксилер Алматы мен Астанадан бөлек Қосшыда да іске қосылады. Бұл жайлы Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов айтты.
Жоба бірнеше кезеңнен тұрады:
- Бірінші кезең: Көлік ішінде төтенше жағдай кезінде басатын «қызыл түймесі» бар маман отырады.
- Екінші кезең: Егер көлік белгілі бір уақыт ішінде ешқандай оқиғасыз жүріп өтсе, жүргізуші алынып тасталады.
- Қашықтан бақылау: Көліктерді оператор 24/7 режимінде бақылайды және қажет болған жағдайда басқаруды өз қолына ала алады. Көліктер арнайы датчиктермен жабдықталған және көшелердің HD-карталарымен біріктірілген.
Жобаның серіктестері – Яндекс және inDrive. Пилотсыз көліктер бастапқыда қаланың белгілі бір учаскелерінде ғана жүреді. Сәтті өткен жағдайда жоба бүкіл қалаға, кейін жалпы елге таралады.
Неге Қосшы таңдалды?
Бұл Яндекс мамандарының ұсынысы дейді Ғиззат Байтұрсынов. Мамандар Астана мен Қосшы арасындағы жолаушылар ағынының өте үлкен екенін байқаған.
«Біз бірінші жартыжылдықтың соңына дейін барлық нормативтік-құқықтық мәселелерді шешуді жоспарлап отырмыз. Ал 2026 жылдың екінші жартыжылдығында көліктерді жалпы пайдаланымдағы жолдарға шығаруды көздеп отырмыз», – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек Алматы мен Алатау қаласының арасында сағатына 350 км жылдамдықпен аэротакси ұшатынын да айта кету керек. Әзірге, мұндай жобалар тек Қытайдың Шэньчжэнь қаласында ғана іске асырылып жатыр.