Жаңалықтар

Қытайлық компания Екібастұзда мега-ЖЭС құрылысын бастады

ТЭЦ ЖЭС
Қытайлық компания Екібастұзда мега-ЖЭС құрылысын бастады / Фото: yandex.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Павлодар облысының энергетикалық әлеуетін арттыратын жаңа ауқымды жоба қолға алынды. Екібастұз қаласының маңында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысы бойынша стратегиялық жобаны іске асыру басталды.

Жоба биылғы 29 қаңтарда ҚР Энергетика министрлігімен қол қойылған келісімдер аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастаманы қытайлық алпауыт «State Power Investment Corporation» корпорациясы мен отандық «Pavlodar Green Energy» ЖШС бірлесіп атқарады.

  • Тікелей шетелдік инвестиция көлемі: 1,2 млрд АҚШ доллары.
  • Пайдалануға беру мерзімі: 2029 жыл.

Бұл жобаның басты ерекшелігі — оның заманауи технологиялық шешімдерінде. Жаңа ЖЭС қуаты 300 МВтболатын арнайы энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталады.

«Бұл жүйе жаңартылатын энергия көздеріне тән табиғи құбылмалылықты (желдің басылуы не күшеюі) тиімді реттеуге көмектеседі. Осылайша, еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне тұрақты және сапалы қуат беріледі», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Станция іске қосылғаннан кейін Қазақстанның энергетикалық картасында маңызды рөл атқармақ:

  • Өндіріс көлемі: Жылына 3,4 млрд кВт·сағ электр энергиясы.
  • Экологиялық үлес: Парниктік газдар шығарындылары жылына 2 млн тонна СО₂-ға дейін азаяды.

Аталған жоба Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу бағытындағы маңызды қадамдарының бірі. Бұл бастама халықаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және еліміздің энергетика саласына озық технологияларды ендіруге дайын екендігін дәлелдейді.