Жаңалықтар

Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы / фото: Ақорда
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру қорытындысы шығарылды.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, үкімет негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу туралы есеп берді. Сондай-ақ бірқатар салалық мемлекеттік орган жетекшілері басты бағыттар бойынша баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы геосаяси ахуалды ескере отырып, қоғамдық, экономикалық, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін пысықтау қажеттігіне назар аударды.  Бұдан бөлек, отырыста Қазақстан Республикасының 2026-2030 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы қаралды», – делінген хабарламада.

Бұл стратегия алдағы бес жылда болуы ықтимал сын-қатерлерге төтеп берудің негізгі тәсілдерін анықтайды.

Президент ұлттық мүддені қорғау міндеттерін сапалы орындаудың маңызына баса мән берді. Оның қатарына, атап айтқанда, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету; азаматтарды, қоршаған ортаны және ақпараттық кеңістікті қорғау деңгейін арттыру; киберқауіпсіздік шараларын күшейту және әлеуметтік-экономикалық саладағы тәуекелдерді азайту мәселелері кіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, білім мен технология салаларында сұранысқа ие білікті шетелдік мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасайтын бағдарламаны жеделдетіп әзірлеуді тапсырды.

Мұның алдында Президент ХІV Қысқы паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.