
1 сәуірден бастап Қазақстанда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша жаңа қаржыландыру лимиті күшіне енеді. Бұл туралы Kursiv.Media Krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қанша қаржы бөлінеді
Бағдарлама шарттарына сәйкес, әр тоқсан сайын 25 млрд теңге бөлінеді. Жалпы жылдық қаржыландыру көлемі – 100 млрд теңге. Лимиттер әр тоқсанның басында жаңартылып отырады.
2026 жылғы 1 сәуірден бастап II тоқсанның лимиті автоматты түрде күшіне енеді. Осы кезеңде қатысушы банктердің біріне өтінім беріп үлгеру маңызды. Өтінім қабылдау туралы ақпаратты өз бетінше қадағалау қажет.
«7-20-25» бағдарламасы елдегі негізгі мемлекеттік ипотекалық бастамалардың бірі. Бағдарламаны «Қазақстандық Тұрақтылық қоры» жүзеге асырады. Бағдарлама 7% жылдық мөлшерлемемен, бастапқы жарнасы 20%-дан және 25 жылға дейінгі мерзімге несие беруді көздейді. Несие бойынша ең жоғары сома аймаққа байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, ірі қалаларда – 30 млн теңге, Қарағандада – 25 млн теңге, басқа аймақтарда – 20 млн теңге.
Негізгі талаптар:
- Қарыз алушы мен оның жұбайы соңғы 18 айда тұрғын үйге ие болмауы тиіс.
- Тек пайдалануға берілген жаңа құрылыс нысанын сатып алуға болады. Үлескерлік құрылыс немесе екінші нарықтағы тұрғын үйлер жарамайды.
«7-20-25″» бағдарламасы бойынша несие беретін банктер:
- Halyk Bank
- Банк ЦентрКредит
- Freedom Bank Қазақстан
- Еуразиялық банк
- Bank RBK
- ForteBank
- Altyn Bank
Бұл бағдарлама бойынша Отбасы банкі иоптека бермейді.
Еске салайық, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы Қазақстанда 2018 жылдың шілдесінен бері жұмыс істейді. Қаржыландыру лимиттері 2023 жылдан бастап енгізілді. Бүгінгі таңда қазақстандықтарға 83 мыңнан астам несие берілді. Жоспар бойынша бағдарлама 2029 жылдың соңына дейін жалғасады.