
Ақтөбедегі Сарыжар ауылында жоғалып кеткен он жастағы Мансұр Саматовты іздеу әлі жалғасып жатыр. Сүңгуірлер 23 рет су түбіне түсіп, Ілек өзенінің бойындағы 550 метрге дейін аралықты іздеп шыққан. Әзірге нәтиже жоқ деп хабарлады полиция департаменті
Ал бес моторлы қайықтың көмегімен Сарыжар ауылынан Саржансай ауылына дейінгі 45 шақырым аумақ қамтылды.
«Іздестіру жұмыстары екінші күн қатарынан жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, он топ құрылды, біз оқиға орын алған Сарыжар ауылынан Мәртөк ауылына дейін жүріп өтеміз. Өзеннің іші де, қос жағалауы да тексеріледі. Қазір көктем мезгілі болғандықтан, өзен ағысы күшейген. Бұл іздестіру жұмыстарын қиындатып отыр»,- деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.
Іздеу жұмыстары екінші тәулік жүргізіліп жатыр. Оған полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшелері, құтқарушылар (соның ішінде сүңгуірлер), кинологтар жұмылдырылған. Тікұшақ та тартылды, жергілікті тұрғындар да көмектесіп жатыр. Ілек өзенінің жайылмасында катерлер патрульдеп жатыр.
Айта кетейік, Түркістанда да бір апта бойы сегіз жастағы баланы іздестіріп жатыр. Анасының айтуынша, 2018 жылы туған бала Келес өзеніне құлап, суға батып кеткен.