Жаңалықтар

Беларусь ВВС-ді экстремистік ұйым деп таныды

BBC  жаңалықтар қызметі
фото: BBC

Британдық BBC корпорациясының орыс қызметі сайты мен «Новая газета Европа» басылымы Беларусьте экстремистік деп танылды. Могилев қаласының Ленин аудандық соты осындай шешім шығарды.

Құжатта тек орыс қызметінің сайты экстремистік деп танылғаны көрсетілгенімен, онда келтірілген www.bbc.com сілтемесі іс жүзінде бүкіл BBC сайтының бұғатталғанын білдіруі мүмкін деп жазады Deuche Welle.

Беларусьтің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 19.11-бабына сәйкес, экстремистік материалдарды таратқаны (соның ішінде репост жасағаны), басып шығарғаны немесе сақтағаны үшін айыппұлдан бастап, қоғамдық жұмыстарға немесе құқық бұзушылық құралын тәркілеумен әкімшілік қамауға алуға дейін жаза қарастырылған.

Бұған дейін де Беларусь билігі халықаралық медиа ресурстарға қатысты осындай шаралар қолданған: 2022 жылғы наурызда Deutsche Welle (DW) редакциясының контенті экстремистік материалдар тізіміне енгізілді. Ал 2024 жылғы сәуірде Ішкі істер министрлігі DW-дің беларусь қызметін «экстремистік құрылым» деп таныды.

Қазақстанда да халықаралық басылымдардың сайттары бұғатталады. Былтыр Amnesty International, Change.org, Vice News және Kloop сайттары ел аумағында ашылмай қалды. Жалпы былтыр 11 мың сайт жұмысын тоқтатқан.