
Елде капиталы 10 млрд теңгеге жететін алғашқы эндаумент-қор іске қосылады. Қазір қорға 2 млрд теңге тартылған. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Эндаумент-қор деген не
Эндаумент-қор – қайырымдылық есебінен құрылған коммерциялық емес ұйымның капиталы. Қордың негізгі қаражатына қол сұғылмайды, қаражат инвестицияланады. Ал түскен табысы мектеп, университет, музей немесе аурухананы қаржыландыруға жұмсалады.
Қазақстанға қор не үшін қажет
Саясат Нұрбектің айтуынша, елде ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайды.
«Елімізде ғылымды қаржыландыру ұлғайтылып, ҒЗТКЖ үшін салықтық ынталандыру енгізілді. Алғаш ашылған эндаумент-қорға 2 млрд теңге тартылған, капиталын кезең-кезеңімен 10 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл тұста экожүйенің өз алдына оқшау емес, Astana Hub және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен тығыз өзара іс-қимыл арқылы қалыптасып жатқаны ерекше маңызды», – деді Саясат Нұрбек.
Айтуынша, бұл ғылымды, стартаптарды, технологиялық командаларды және даму инфрақұрылымын біріктіретін бірыңғай контурды қалыптастырады.