Жаңалықтар

Айдын Рақымбаевтың компаниясы таза пайдасының 30 пайызын дивиденд ретінде төлейді

Рақымбаевқа тиесілі компания қанша дивиденд төлейді / Фото: kursiv.media

BI Development Ltd 2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша акционерлеріне таза табысының 30%-ын дивиденд ретінде төлемек. Бұл туралы қаржы депозитарийіндегі хабарламада жазылған.

Пайда қалай бөлінеді?

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында компания 81,9 млрд теңге көлемінде таза пайда тапқан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80%-ға артық. Директорлар кеңесі жиналған пайданы төмендегідей бөлуді ұйғарды:

  • 56,9 млрд теңге – бизнесті одан әрі дамытуға;
  • 25 млрд теңге – акционерлерге дивиденд ретінде төлеуге бағытталады.

2025 жылдың қыркүйек айының соңындағы мәлімет бойынша, BI Development-тің жалпы активтері 1,77 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылдың соңымен салыстырғанда 47,5%-ға көп. Сонымен қатар компанияның меншікті капиталы 38%-ға өсіп, 206,6 млрд теңге болды.

Компания иесі кім?

BI Development Ltd компаниясының негізгі құрылтайшысы – BI Group Ltd холдингі. Оның түпкілікті иесі белгілі кәсіпкер Айдын Рақымбаев.

2025 жылы салық аударымы бойынша BI Group холдингі құрылыс компаниялары арасында көш бастаған. Холдинг бюджетке 90 млрд теңге салық төлеген.