Жаңалықтар

Атыраудағы бутадиен зауытын қытай компаниясы салады

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Атырау облысында салынатын «Бутадиен» зауытының құрылысын қытайлық Sinopeс холдингінің еншілес компаниясы жүргізетін болды. Бұл туралы Олег Червинский телеграм-арнасында жазады.

Бұған дейін осы жобамен ресейлік «Татнефть» айналысқан еді. Бірақ компания биыл қаңтар айында үлесін «Самұрық-Қазына» қорына сатып, жобадан толық шығып кетті.

eGov деректері бойынша, «Татнефть» 2025 жылы 29 қаңтарға дейін «Бутадиеннің» негізгі иесі болған. Ал 30 қаңтарда қатысушылар құрамы өзгеріп, компанияның орнына «SSAP» ЖШС кірген.

Жаңа келісім бойынша, Sinopec корпорациясының екі еншілес кәсіпорны зауыттағы негізгі технологиялық қондырғыларды салуға жауапты болады.

Олардың бірі бутанды бөлу мен бутадиен алу нысандарын тұрғызса, екіншісі синтетикалық каучуктің түрлерін шығаратын бөлімдерді салады.

Зауыт не өндіреді

Жобаның жалпы құны шамамен 1 млрд долларды құрайды. Болашақ зауыт жыл сайын резеңке-техникалық өнеркәсіп пен шина өндірісіне қажет 60 мың тонна дивинилстирол синтетикалық каучугін, жол жабындары мен пластик өндірісіне қолданылатын 40 мың тонна стирол-бутадиен-стирол каучугін, сондай-ақ жоғары октанды бензинге арналған 40 мың тонна метил-трет-бутил эфирін өндіруді жоспарлаған.

Айта кетейік, бұл ірі жобаның құрылысы туралы шешім 2025 жылдың жазында қабылданған. Зауытқа қажетті технологияларды америкалық Lummus Technology компаниясы берсе, жобалау жұмыстарын қытайлық мамандар атқарды.

Ресейлік инвестордың кеткеніне және оның Қарағанды облысындағы шина зауытындағы үлесін де сатқанына қарамастан, «Самұрық-Қазына» зауытты 2029 жылы іске қосуды жоспарлап отыр.