Банк пен қаржы

Қазақстан экономикасы ақшаның депозитте жиналуынан зардап шегуде

Қазақстан экономикасы ақшаның депозитте жиналуынан зардап шегуде / Фото: Shutterstock

Экономист және «Комментарий» Telegram-арнасының авторы Елдар Шамсутдинов экономикадағы ақшаның едәуір бөлігі депозиттерде жатып, нақты секторға өтпей жатыр деп есептейді. Банктер мен бизнеске негізгі өтімділікті қазақстандықтардың қаражаты беріп отыр.

Экономист Қазақстанның 2010–2024 жылдардағы қаржылық шотына талдау жасады. Оның пікірінше, жүйе ішкі қаржыландыру көздеріне тұйықталып қалған. Үй шаруашылықтары тарапынан экономиканы кредиттеу 14 жыл ішінде нөлдік көрсеткіштен 4,6 триллионға дейін өсті, әсіресе 2020 жылы қарқын алды. Яғни, адамдар көбіне кредиторларға айналды – олар депозиттер, инвестициялар және басқа да көздер арқылы ақша жинап, экономикаға қаржы беріп отыр.

Бизнес немесе қаржылық емес компаниялар, керісінше, тапшылықта қалып отыр, яғни қарыз алуда – бұл көрсеткіш 2023 жылы 5,5 триллион теңгеге жетіп, ең жоғары деңгейге көтерілді. Мемлекет пен банктердің жағдайы тұрақсыз.

Шамсутдинов халықтың банктер арқылы бизнес пен мемлекетті кредиттейтін жағдайы қалыптасып жатқанын байқайды.

«2024 жылға қарай үй шаруашылықтары өтімділікті беретін, банктер оны қайта бөлетін, ал мемлекет пен корпорациялар тұтынатын модель қалыптасуда. Сонымен қатар, үй шаруашылықтары секторының ішінде жіктелу байқалады: депозиттердің өсуі ауқатты топтарда шоғырланған, ал борыштық жүктеменің өсуі тұтынушылық несиелер мен ипотека арқылы жүріп жатыр», – деп атап өтті экономист.

Бұл ретте елдегі активтер құрылымы тәуекелі төмен құралдардың пайдасына қарай ойысқан. Олардың өсуіне негізгі үлесті валюта мен депозиттер, сондай-ақ қарыздар мен борыштық бағалы қағаздар қосуда. Активтердегі акциялардың үлесі мардымсыз болып қалып отыр және айтарлықтай қарқынмен өсіп жатқан жоқ. Сонымен бірге, активтер құрылымындағы қарыздардың өсуі тұтынушылық кредиттеудің өсуімен сәйкес келеді, бұл теңгерімдердің динамикасын тікелей халықтың табысымен байланыстырады.

Экономист экономикада ақшаның көп жиналғанын, бірақ олардың депозиттерде жатқанын және нақты секторға түспейтінін айтады. Қаражат тек импортқа, ипотекаға және автокөлік сатып алуға ғана жұмсалуда. Экономика өндіріс пен табыстың нақты кеңеюі арқылы емес, қарыздар арқылы өсіп жатыр.

«Бірақ ол үшін өтімділік өте маңызды: бүгінде қайталама нарықта корпоративтік бондты сату іс жүзінде мүмкін емес. Сондықтан қайталама нарық қажет. Мінез-құлық моделін өзгертпейінше, капитал бұдан былай да тәуекелі төмен құралдарда шоғырлана береді, ал өсім ішкі жинақтарды қайта бөлу функциясы болып қала береді, бұл халық табысының одан әрі жіктелуіне және экономиканың импортқа тәуелділігіне әкеп соғады», – деп толықтырды сарапшы.

Шамсутдиновтың пікірінше, бұл жағдайды өзгерту үшін қаражатты депозиттерден бағалы қағаздарға – қазақстандық компаниялардың акциялары мен облигацияларына бағыттау керек.