
Қазақстандықтарды сәуірден бастап бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Ішінде жаңадан енгізілетін онлайн қызметтер мен коммуналдық тариф құнының қымбаттауы бар. Сондай-ақ мәдени өмірге қатысты жаңашылдықтар күшіне енеді. Толығырақ KursivMedia материалынан біле аласыз.
Коммуналдық тарифтер қымбаттайды
Елде 2025 жылдың қазанында коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий жарияланған еді. 1 сәуірден бастап мораторий күшін жойып, коммуналдық қызмет ұйымдарына тарифтерді көтеруге рұқсат беріледі. Демек жарық, жылу, су және басқа да қызметтердің бағасы қайта өсуі мүмкін.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтер бірдей өспейтінін мәлімдеді. Шешімді қызмет көрсетушілер жеке қабылдайды, оның ішінде инфрақұрылым мен өңірдің экономикасы да ескеріледі.
Ең алдымен желісі нашар жағдайда тұрған өңірлерде, яғни жабдықтары ескірген, жиі ақау болатын, техникалық құралдары ескірген аймақтарда тарифтер көтерілуі мүмкін. Бұл тізімде Солтүстік, Шығыс және Батыс өңірлер, сонымен қатар Ақмола облысы бар.

Мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады
Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігін құжаттың жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін де eGov.kz порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ауыстыра алады. Бұл қызмет бұрын қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ құжат жоғалған, ұрланған немесе азамат аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Енді ол құжат мерзімі өткен жағдайларды да қамтиды.
Егер құжаттың мерзімі өтіп кетсе, медициналық тексеруден өту қажет. Содан кейін деректер мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде алынады. Ал мерзімінен бұрын (жарамдылық мерзімі аяқталмай тұрып) ауыстырған жағдайда медициналық тексеру талап етілмейді.
Процесс толық цифрландырылған:
- онлайн өтінім беру;
- фото мен қолтаңбаны жүктеу;
- мемлекеттік баж салығын төлеу (1,25 АЕК);
- өтінімді растау (қол қою).
Қызмет көрсету мерзімі – шамамен 60 минут.
Дайын құжатты бұрынғыдай ХҚКО-дан барып алу қажет.
Шектеулер бар екенін де ұмытпаған жөн. Мерзімі 30 күннен асқан төленбеген айыппұл болса, құжатты онлайн ауыстыру мүмкін емес. Фото да талапқа сәйкес болуға тиіс (кейінгі 3 жыл ішінде түсірілген ескі фотоны пайдалануға болады).
Көлік салығын кешіктіргендерге өсімпұл есептеледі
Елдегі автокөлік иелері 2025 жылдың салығын сәуірге дейін төлеуге тиіс. Осы мерзімнен кешіктірген жағдайда әр күн үшін өсімпұл есептеле бастайды.
Күнтізбеде 2026 жыл болғанымен, салық өткен кезең көрсеткіші бойынша есептеледі. 2025 жылға белгіленген 3 932 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады.

Салық және есептелген өсімпұл бойынша берешек болса, 10 мамырдан бастап мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады.
Қару иелеріне қойылатын талап күшейеді
Сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енеді.
Заңға сәйкес енді жеке күзет ұйымдары өз қызметі тоқтатыла тұрған немесе қайта басталған, сондай-ақ заңды тұлға тіркелген жерден тыс қызмет көрсеткен жағдайда уәкілетті органды 5 жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті болады.
Сондай-ақ күзет ұйымдары уәкілетті органға жұмыс туралы есеп беруге міндетті.
Азаматтық және қызметтік қару иелері үшін қосымша міндеттер де бар. Мәселен, қаруды тексеріп көру үшін мылтықты тапсыру қажет. Уақтылы берілмеген жағдайда рұқсат тоқтатылуы мүмкін.
Қару иесі заңды тұлғаның қызметі тоқтатыла тұрған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаруды және оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруы қажет.
Шетелдік әртістердің концерті бақыланады
Сәуірдің екінші жартысынан бастап креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Бұл өзгерістер іс-шаралардағы тыйым салынған контент тізімін кеңейтті. Енді ұйымдастырушыларға мынадай мазмұндағы материалдарды пайдалануға тыйым салынады:
- суицидті насихаттау;
- порнография;
- есірткі.
Бұған дейін заңда экстремизм, қатыгездік және басқа да шектеулер болған, енді тізім кеңейтілді.
Шетелдік әртістер мен ұжымдар концерт пен қойылымдарын енді іс-шарадан кемінде 30 жұмыс күні бұрын әкімдіктермен келісуі қажет.
Сонымен қатар шетелдік әртістер қатысатын іс-шаралар бағдарламасында есірткі, порнография немесе суицидті насихаттайтын контент анықталған жағдайда тыйым салынуы немесе тоқтатылуы мүмкін.
Бұл тек әндерге ғана емес, сондай-ақ әзілдерге, театр қойылымдарына да қатысты.
Фильмдердің көрсетілуіне өзгеріс енгізіледі
Елде кинопрокатқа шығатын фильмдер сараптамадан өткізіледі. Бұл туралы «Кинематография туралы» заңға енгізілген түзетулерде көрсетілген. Басты өзгерістің бірі: прокатқа шығу туралы куәлік беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 30 жұмыс күніне дейін ұлғайтылды.
Демек, прокатқа шығатын фильмдер біраз кешігуі мүмкін, сондықтан дистрибьюторларға релиздерді алдын ала жоспарлау қажет болады.
Егер аннотация бойынша фильмнің мазмұнын түсіну мүмкін болмаса немесе жас санатын анықтау қиын болса, прокатқа дейінгі сараптаманы уәкілетті орган мен сарапшылар комиссиясы жүргізеді.
Егер фильм туралы ақпараттың (мысалы, аннотацияда) шындыққа сәйкес келмейтіні немесе бұрмаланғаны анықталса, прокат куәлігі тоқтатылуы мүмкін.
Мобильді аударымдар тексеріледі
15 сәуірден бастап екінші деңгейлі банктер мобильді аударымдар бойынша ақпаратты салық органдарына жібере бастайды.
Ескере кететін жайт, жеке есепшотқа түскен қаржының барлығына банк мониторинг жасайды. Үш ай ішінде 100-ден аса түрлі тұлғалардан аударымдар түсуі керек. Одан бөлек сол үш айдағы барлық аударымдар сомасы бір млн теңгеден асуға тиіс. Осы жағдайда ғана банктер салық органдарына ескертеді.
Бұл жағдайда азамат есепшотты тек жеке мақсатта пайдаланғанын растаса болады. Камералық бақылау нәтижесінде ғана шара қабылданады.
Астанада көлікті айыптұрақта сақтау ақылы болады
Сәуірден бастап елорда тұрғындары айыппұл тұрағы мен автокөлікті эвакуациялау үшін ақы төлейді.
Жаңа ережелерге сәйкес, енді көлікті эвакуациялау үшін тұрғындар 3 АЕК (12 900 теңге) төлеуге міндетті болады. Мамандандырылған тұрақта сақтау да ақылы болмақ. Төлем мөлшері көлік түрі мен тұру мерзіміне байланысты:
- мотоциклдер – бірінші күнге 1 АЕК (4325 теңге), кейін 2 АЕК (8650 теңге);
- үш дөңгелекті көліктер мен квадроциклдер – бірінші күнге 1,5 АЕК (6487 теңге), кейін 3 АЕК (12 900 теңге);
- жеңіл автокөліктер – 3 АЕК (12 900 теңге), кейін 5 АЕК (21 625 теңге);
- 3,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 5 АЕК (21 625 теңге), кейін 7 АЕК (30 275 теңге);
- тіркемелер – 2 АЕК-тен (8650 теңге) 5 АЕК-ке дейін.
Тарифтер 23 сәуірден бастап күшіне енеді, алайда 15 мамырға дейін тұрғындарға тек ескерту ғана жіберіледі, айыппұл салынбайды.
Астана әуежайындағы өзгеріс
Астана халықаралық әуежайы ұшу-қону жолағындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соған байланысты 2026 жылдың 15 сәуірі мен 31 мамыры аралығында ұшу-қону жолағы сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жабық болады. Қалған уақытта әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Air Astana Дубайға ұша бастайды
Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайға байланысты Air Astana 11-31 наурыз аралығында Алматыдан Дубайға және Астанадан Дубайға тұрақты рейстерді тоқтатқан еді. Тоқтатылған рейстердің жолаушылары билет ақшасын толық қайтара алады немесе 1 сәуірден 31 мамыр аралығында орындалатын рейстерге тегін қайта брондай алады.
SCAT Ақтаудан Ереванға ұшады
18 сәуірден бастап SCAT Ақтаудан Ереванға жаңа рейстер ашады. Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады.