
Экономист Ғалым Құсайынов қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким өзіне тиесілі Bank RBK-ны сатуы мүмкін деп есептейді. Оның пікірінше, қаржы секторы кәсіпкер үшін басымдыққа ие актив емес.
«Қаржы секторы, атап айтқанда RBK, меніңше, Ким үшін негізгі актив емес. Ол қашанда тау-кен саласына көбірек ден қойды. Қаржылық қызмет оған ауыртпалық сияқты көрінеді», – деді Құсайынов Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында.
Желтоқсан айында Қазақстандағы ең ірі жекеменшік компания – «Қазақмыс» тау-кен металлургия корпорациясының акционерлері ауысқаны жарияланған.
Владимир Ким (70%) және Эдуард Огайдың (30%) үлестері Qazaq Stroy арқылы девелопер Нұрлан Артықбаевқа өтті. Алайда, активтердің белгілі бір бөлігі бұрынғы иелерінің қарамағында қалды.
Қазіргі таңда Владимир Ким Bank RBK банк акцияларының 89,79%-на иелік етеді.
Bank RBK (Қазақстан) активтері қарқынды өсім көрсетіп, 2026 жылдың басына қарай 2,72 трлн теңгеге жетті. Банк Қазақстандағы ең үздік 10 банктің қатарына кіреді (8-орын) және жоғары рентабельділік танытып отыр.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бизнес пен халыққа несие беру есебінен пайда көлемі 13,4%-ға артып, 64,1 млрд теңгені құрады.