Жаңалықтар

Субсидияға көшті: G7 елдерінің жанармай қымбатшылығына қарсы әрекеті

фото: Kursiv Media

Әлемдік энергетика нарығында нағыз «айқас» басталды. Иранның Ормуз бұғазын бұғаттауы мұнай мен газ бағасын көкке шығарып, жаһандық экономиканы есеңгіретіп тастады. Енді «Үлкен жетілік» (G7) пен Еуроодақ елдері бұл соққыны жұмсартудың амалын іздеп, шұғыл әрекетке көшті. Reuters мәліметінше жанармай бағасының қымбаттауына қарсы дамыған елдердегі түрлі тәртіп енгізуде.

Ауыр артиллерия: Нарыққа 400 миллион баррель шығарылады

Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) тарихында болмаған қадамға барды: стратегиялық қорлардан рекордтық 400 миллион баррель мұнайды сатылымға шығару туралы шешім қабылдады. Бұл агенттіктің 50 жылдық тарихындағы алтыншы ірі интервенция. Бұл «мұнай шабуылының» басында 172 миллион баррелімен АҚШ тұр, оған Канада тағы 23,6 миллион баррелімен қолдау көрсетпек.

Германия: Бағаны өсіргің келсе – түскі уақытты күт

Берлин бағаны тікелей субсидиялаудан бас тартып, ерекше «неміс тәртібін» енгізді. Енді жанармай бекеттері бағаны күніне бір рет – тура түскі сағат 12:00-де ғана көтере алады. Ал бағаны түсіруге кез келген уақытта рұқсат. Ережеден аттағандарды 100 000 еуро көлеміндегі қомақты айыппұл күтіп тұр.

Франция: Көмек тек мұқтаждарға

Париж «бәріне бірдей емес, тек мұқтажға» деген қағиданы ұстанды. Сәуір айында көлік, ауыл шаруашылығы және балық аулау салаларына 70 миллион еуродан астам субсидия бөлінеді. Сонымен қатар, табысы төмен 4 миллион үй шаруашылығы электр шоттарын төлеу үшін 150 еуродан көмек алады.

Ұлыбритания: Тұтынушылар қорғауда

Тұманды Альбионда халықтың басым бөлігі шілдеге дейін бағаның «қарғуынан» қорықпайды, өйткені тарифтерді үкіметтің өзі шектеп отыр. Жаңа Қаржы министрі Рейчел Ривз көмектің тек ең әлсіз топтарға бағытталатынын аңғартса, премьер-министр Кир Стармер бағаны қолдан өсіретіндермен күресу үшін антимонополиялық бақылауды күшейтуге уәде берді.

Италия және Жапония: Миллиардтар соғысы

  • Италия: Рим жанармай акцизін төмендету арқылы халыққа дем бергісі келді. Бұл бюджетке 417 миллион еуродан астам шығын әкелсе де, салалық бірлестіктер мұны «теңізге тамған тамшыдай» деп есептеп, қатаң шараларды талап етуде.
  • Жапония: Күншығыс елі бензин бағасын литріне 170 иенадан асырмау үшін резервтен 800 миллиард иена (5 миллиард доллар) бөлді. Бұл мемлекет қазынасын ай сайын 300 миллиард иенаға ортайтып отырмақ.

Еске сала кетейік, дүсенбіде Brent фьючерстері 2,74%-ға өсіп, 115,66 доллар болды. WTI (West Texas Intermediate) мұнайы 2,93%-ға қымбаттап, барреліне 102,56 доллар деңгейіне жетті. Oilprice мәліметінше (3 күндік кідіріспен) Қазақстан бренді CPC blend 123,12 долларға саудалануда.