Жаңалықтар

Таяу Шығыстағы қақтығыстан кейін әлем ядролық арсеналға қайта орала ма

Көптеген елдер ядролық қару жасау мәселесін қайта қарауға мәжбүр болып отыр/фото: shutterstock.com

Таяу Шығыстағы қақтығыс халықаралық қауіпсіздік жүйесінің осал тұсын ашып көрсетті. Енді аймақтық шиеленістерге байланысты көптеген елдер ядролық қару жасау мәселесін қайта қарауға мәжбүр болып отыр. Еуропадан бастап Шығыс Азияға дейінгі мемлекеттер өздерінің ядролық арсеналдарын құру қажеттілігін ашық талқылауға көшті. Мұның басты себебі – қазіргі қауіпсіздікке қатысты кепілдіктің жоқтығы болып отыр. Осылайша, әлем біртіндеп жаңа ядролық бәсекеге жақындап келеді, бірақ бұл жолы жағдай әлдеқайда күрделі әрі болжау да қиын, деп хабарлады Bloomberg агенттігі.

Еуропаның АҚШ-қа деген сеніміне селкеу түсті

Еуропаның қауіпсіздік жүйесі ондаған жылдар бойы АҚШ-тың кепілдіктеріне сүйеніп келді. Алайда бүгінде Германия мен Польша сияқты елдер бұл қорғаудың ұзақ мерзімді сенімділігіне күмән келтіре бастады.

Бұл үдерісте Франция маңызды орынға ие. Себебі Еуроодақтағы толыққанды ядролық арсеналы бар жалғыз мемлекет. Париж өзінің стратегиялық ядролық тежеу күшін бүкіл құрлыққа кеңейтуді ұсынып отыр. Бұл Еуропаның АҚШ-қа тәуелділіктен біртіндеп бас тартып, дербес қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға ұмтылып жатқанын көрсетеді.

Шығыс Азия да осы бағытта жылжымақ

Азияда жағдай одан да жылдам өршіп келеді. Солтүстік Корея мен Қытайдың әскери белсенділігі аймақ елдерін ұстанымдарын қайта қарауға мәжбүр етуде.

Оңтүстік Кореяда халықтың 75%-дан астамы өз ядролық қаруын жасауды қолдайды. Ал Жапонияда, дәстүрлі түрде антиядролық саясат ұстанып келгеніне қарамастан, саяси элита арасында мәселе жиі талқылануда.

Егер бұл елдер ядролық қару жасауға көшсе, бүкіл аймаққа, оның ішінде Тайвань сияқты саяси ахуал күрделі елдерге де әсер етуі мүмкін.

Қаруды бақылау жүйесі әлсіреді

Қырғы-қабақ соғыстан кейін қалыптасқан қаруды бақылау жүйесі бүгінгі таңда әлсіреп барады. Көптеген маңызды келісімдер өз күшін жойды немесе ұзартылмай қалды.

Әлемдегі қауіп-қатердің символына айналған «Қиямет сағаты» (Чикаго университеті атом сарапшыларының енгізген көрсеткіші) жаһандық ядролық қауіпке «85 секунд» қалғанын көрсетіп тұр. Бұл тарихтағы ең қауіпті деңгей. Бұл көрсеткіш ядролық қатердің ғана емес, жалпы әлемдік тұрақсыздықтың артқанын білдіреді.

АҚШ саясаты қарама-қайшылықтарға толы

Bloomberg дерегінше, АҚШ-тың ядролық саясатындағы қарама-қайшылығы көптеген державалардың алаңдаушылығын тудырады. Бір жағынан, Вашингтон Иранға қысым жасап, оның ядролық бағдарламасынан бас тартуын талап етеді. Екінші жағынан, Сауд Арабиясына уран байыту технологияларын беру мүмкіндігін қарастырып отыр.

Сонымен қатар оншақты жылдық кідірістен кейін ядролық сынақтарды қайта бастау туралы пікірлер де айтылуда. Мұның бәрі жаһандық сенімнің әлсірегенін көрсетеді.

Қытай мен Солтүстік Корея: әлеуеттің артуы

Әлемдегі ірі державалар ядролық мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда. Қытай құрлықаралық баллистикалық зымырандар мен гипердыбыстық қаруларды дамытып, арсеналын айтарлықтай ұлғайтып жатыр. Сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай оның ядролық оқтұмсықтарының саны 1000-ға жетуі мүмкін.

Солтүстік Корея да тұрақты түрде зымыран сынақтарын өткізіп, ядролық қаруды алыс қашықтыққа жеткізу қабілетін көрсетуде. Бұл тек аймақтық емес, жаһандық қауіпсіздікке де қатер төндіреді.

Сарапшылар «тізбекті әсер» деп аталатын құбылыстың қаупі артып келе жатқанын айтады. Яғни бір елде ядролық қарудың пайда болуы басқа мемлекеттерді де осы жолға итермелейді.

Мұндай сценарий Шығыс Азияда да, Таяу Шығыста да байқалуы мүмкін. Мысалы, Оңтүстік Корея ядролық қару жасаса, оның артынан Жапония және басқа елдер де осы қадамға баруы ықтимал.

Халықаралық ұйымдардың ұстанымы қандай?

Халықаралық ұйымдар, соның ішінде МАГАТЭ, жағдайдың ушығып бара жатқанын ескертуде. Агенттіктің басшысы, Рафаэль Мариано Гросси, ядролық державалардың көбеюі әлемді қауіпсіз етпейтінін, керісінше, қақтығыстар мен апаттар қаупін арттыратынын атап өтеді.

Қазіргі әлем біртіндеп ұжымдық қауіпсіздік қағидаттарынан алыстап, әр мемлекет өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етуге ұмтылатын кезеңге өтуде.

Әлем жаңа ядролық бәсекенің табалдырығында тұр. Бірақ бұл жолы ол бұрынғыдан да күрделі болуы мүмкін. Ядролық державалар санының артуы, халықаралық келісімдердің әлсіреуі және мемлекеттер арасындағы сенімнің төмендеуі жаһандық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді.

Ендігі басты сұрақ – әлем көшбасшылары бұл үдерісті тоқтатып, жаңа қауіпсіздік жүйесін құра ала ма, әлде ядролық қару қайтадан халықаралық саясаттағы негізгі құралға айнала ма?

Айта кететіні, қазіргі таңда әлемде тоғыз мемлекет ядролық соққы жасау қабілетіне ие. Сонымен қатар жиырмадан астам ел атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдаланып отыр. Олардың қатарында Аргентина, Бразилия, Германия, Жапония және Нидерланд сияқты мемлекеттер бар.

Еске сала кетсек, 2026 жылдың 28 ақпанында АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастады. Оған жауап ретінде Тегеран Таяу Шығыс елдеріндегі АҚШ әскери базаларына соққы жасады. Салдарынан аймақтағы шиеленіс күшейе түсті.