Қоғам

Тоқаевтың The National Interest журналына мақаласы жарияланды

Тоқаевтың мақаласы жарияланды / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың америкалық The National Interest журналында мақаласы жарияланды. Ол онда Қазақстандағы жаңа Конституция мен саяси реформалар туралы жазды.

Президент өткен референдум Қазақстанның саяси трансформацияға және азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауға қатысу бағытын растағанын мәлімдеді. Айтуынша, азаматтардың дауыс беруге қатысу көрсеткіші 73,12%-ды құраса, сайлаушылардың 87,15%-ы жаңа Конституцияны қабылдауды қолдаған.

«Жаңа Конституция келешекте жастардың «жол картасына» айналады деп сенемін. Бұл Конституция аса мұқият әрі жоғары жауапкершілікпен дайындалды. Құрамына Қазақстанның 129 азаматы кірген Конституциялық комиссия бұрын-соңды болмаған кең өкілдікпен әрбір детальды жан-жақты талдап, түрлі сарапшылар мен азаматтық қоғам ұйымдарынан түскен шамамен 12 000 ұсынысты қарастырып, алты айға созылған қоғамдық талқылауды үйлестірді», – деген Тоқаев мақалада.

Сөзінше, Жаңа Конституция «Күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін Үкімет» стратегиялық көзқарасты одан әрі нығайтады.

«Президенттік квотаның жойылуы заң шығарушы биліктің тәуелсіздігін күшейтеді. Бір палаталы парламентке (Құрылтай) көшу заң шығару үдерісін жеделдетіп, оның есептілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа консультативтік Халық кеңесі азаматтардың қатысуын және қоғамдық диалогты кеңейтеді», – деген президент.

Айта кетейік, Қазақстанда 15 наурызда Конституцияны өзгертуге қатысты референдум өтті. Елде дауыс беруге құқығы бар 12 482 613 адам болса, референдумға 9 127 192 адам қатысқан. Бұл дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12%-ы.

Президент мақаласында 15 наурыздың енді Конституция күні ретінде тойланатынын да айтып өткен.