
Air Astana жазғы навигация кестесіне көшті. Осы жазда қазақстандықтар Шанхай, Гуанчжоу, Ларнака, Бодрум және Мале қалаларына жаңа маусымдық рейстермен бара алады.
Жазғы навигация кестесі 29 наурыздан 24 қазанға дейін жалғасады. Бұл кезеңде қолданыстағы бағыттар бойынша ұшу жиілігі артады.
«29 наурызда Airbus A321LR ұшағымен сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері қатынайтын Алматы-Шанхай жаңа бағытының бірінші рейсі орындалды. 2 маусымнан бастап аптасына екі рет Астана-Гуанчжоу, сондай-ақ Астана мен Алматыдан Ларнакаға (Кипр) Airbus A321LR әуе кемесімен жаңа рейстер орындалады», – делінген хабарламада.
Қай бағыттарға рейс саны артады
Әуе компаниясы сұранысқа ие бағыттар бойынша ұшу жиілігін кезең-кезеңімен арттырады. Бұл іскерлік сапарларға да, танымал туристік бағыттарға да қатысты болмақ.
Жазғы ұшу кестесінде:
- Алматы – Шанхай бағыты бойынша жаңа рейс іске қосылды;
- 2 маусымнан бастап Астана – Гуанчжоу және Астана – Ларнака рейстері ашылады;
- 4 маусымда Алматы – Ларнака бағыты іске қосылады;
- Бейжің, Ыстанбұл, Анталья, Франкфурт, Үрімші, Тбилиси және Ташкент қалаларына рейстер саны артады;
- Нячанг, Дананг, Батуми, Подгорица, Бодрум және Тбилиси бағыттары бойынша маусымдық рейстер қайта жанданады;
- Алматы – Мале рейсі мамыр айының соңына дейін ұзартылды.
Айта кетейік, Air Astana 2025 жыл үшін әрбір жай акциясына 9.92 теңге көлемінде дивиденд төлеуді жоспарлап отыр. Бұл ұсыныс алдағы акционерлердің жалпы жиналысында ресми түрде бекітілуі тиіс.