Жаңалықтар

Ғалымдардың тәжірибелік-конструкторлық жұмысына грант бөлінеді – Саясат Нұрбек

Фото: kursiv.media архиві

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елде инновациялық жобаларды коммерцияландыру үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ТКЖ) грант беруді ұсынды.

Министр инновациялық циклдің үзілуі жүйелі мәселеге айналғанын айтады. TRL 1–3 кезеңдерінде зерттеулер мемлекет тарапынан қолдау табады, TRL 7–9 кезеңдерінде бизнес жұмыс істейді. Алайда аралық TRL 4–6 кезеңінде жобалардың едәуір бөлігі тоқтап, коммерцияландыруға жетпейді.

Осы мәселені шешу үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ТКЖ) грант беру атты жаңа құрал ұсынылды. Тиісті түзетулер қазіргі уақытта Мәжілісте қаралуда. Сонымен қатар, қосымша тежейтін фактор ретінде ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындардың төмен деңгейі сақталуда – ЖІӨ-нің 0,16%-ы ғана, ал технологиялық дамыған елдерде бұл көрсеткіш бірнеше пайызды құрайды.

Саясат Нұрбек Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылғанын мәлімдеді.

Экожүйенің бірінші элементі – адами капитал. Біз индустриялық PhD бағдарламаларын, инженерлік білім берудің жаңа моделін және халықаралық ғылыми тағылымдамаларды дамытып жатырмыз. Сонымен қатар институционалдық орта күшейтілуде: ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды, ғылым академиясының рөлі күшейтілуде, ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Еске салсақ, осыған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігінің қазақ тілін үйренуге арналған компьютерлік ойынды әзірлеуге 241,8 миллион теңге жұмсағаны жайла жазған едік.