
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы препараттың бағасы қанша болатынын айтты. Министр әлемде теңдесі жоқ дәрі өте арзан болады деп сендірді.
Министрдің айтуынша, аталған препараттың құрамы да қарапайым, глюкоза мен «арсеник» қышқылынан тұрады.
«Бұл дәрінің ішінара компоненттері өте арзан. Бір дәрі-дәрмектің өзіндік құны 15-16 мың теңгені құрайды. Біз «арсеник» қышқылын шетелден сатып аламыз, ал глюкозаны өзімізде шығады. Егер қышқылды да өзіміз шығарған жағдайда 10-12 мың теңге көлемінде болар еді. Өте арзан», – деп түсіндірді министр үкімет брифингінде.
Дәрі қатерлі ісіктің барлық түрін емдей ала ма
Саясат Нұрбек бірінші клиникалық сынақтың сәтті аяқталғанын айтты. Препарат, әсіресе, ішкі органдарға оң әсер еткен.
«Сапасы жағына келсек, бірінші клиникалық нәтижелердің бізге мәлімдеуінше, ішкі ағзадағы жаман ауру түрлеріне жақсы әсер етеді», – деді Саясат Нұрбек.
Қазір клиникалық тексерудің екінші кезеңі басталған. Бұл жолы негізгі база Алматыдан Астанаға ауыстырылды. Сынақ елордада жалғасады.
Дәрі авторы – медицина ғылымдарының докторы, профессор Дос Сарбасов. Профессор мышьяк триоксидімен (АТО) біріктірілген аскорбин қышқылының (DVC) зерттелетін d-изоформасы препаратын қолдана отырып, онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа әдісін ойлап тапқан. Бұл әдіске 2022 жылы клиникаға дейінгі зерттеу жүргізіп, төзімді және қауіпсіз дозасы анықталған. Содан кейін, клиникалық сынақтан өткізе бастаған.