
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов ұсталған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты пікір білдірді. Ол Kursiv Media тілшісіне заңгерді ұстауға не себеп болғанын да айтты.
«Мен ІІМ-нен білдім, оған заңды негіз бар. Біз құзырлы органдардың жұмысына араласа алмаймыз, бірақ мендегі бар ақпаратқа сенсем, оған бірнеше мәселе бойынша сұрақ туындаған. Барлық шара заңды негізде жүріп жатыр. Прокуратура мен ІІМ қажет болған кезде барлық ақпаратты айтады», – деді ол.
Осыған дейін Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік апат жайлы Әбенов бірнеше мәлімдеме жасаған еді. Ол апатқа себепкер жүргізушінің жанында полиция қызметкерлері болғанын айтып, оны «заңсыздық» деп атаған. Ал оған дәлел болатын видеоларды блогер Әділетханнан алдым деді. Бірақ бұл жолы ол басқа нұсқа айтты.
«Мен жан жақтан алдым, ең бірінші ағайын туыстарынан алдым. Сол ақпарат негіз болды», – деді ол тілшінің апат жайлы видеоларды Әділетханнан алдыңыз ба деген сұрағына.
Әділетхан Молдаханды бұрыннан танымайтынын, тек сол апат болған күні ақпарат алғанын да ескерте кетті.
Әділетхан Молдахан – заңгер, парақшасында миллион оқырманы бар. Әл-Фарабидегі жол апатына қатысты бірнеше видео жариялаған, оның ішінде заңсыз жарыстарды ұйымдастыруға полицияның да қатысы бар деген. Алматы қалалық ПД оны тексеруге уәде берді. Ал бірнеше күннен кейін заңгердің өзін де ұстады.