Air Astana-дан Emirates-ке: қазақ қызы әлемдік алпауыт компанияға қалай жұмысқа тұрды

Жарияланды 8 Сәуір 2026 08:00

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: Ақжан Тұрарованың жеке мұрағатынан

Көптеген қыздардың арманына айналған бортсерік мамандығы сырт көзге толассыз саяхат пен сұлулыққа толы болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл жолдың өз қиындығы мен үлкен жауапкершілігі бар. Kursiv LifeStyle әлемдегі ең үздік әуе компанияларының бірі Fly Emirates-ке жұмысқа орналасып, қазақ қызының намысын қорғап жүрген Ақжан Тұраровамен сұхбаттасты.

Алғашқы қадам: «Air Astana» – кәсіби мектеп

Ақжанның авиациядағы жолы отандық Air Astana компаниясында басталды. Үш жыл бойы аталған компанияда қызмет етіп, бұл кезеңді өзі жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен кәсіби шыңдалу мектебі деп санайды.

«Бұл жұмыс маған кәсіби дағдылардан бөлек, әлемді кеңірек көру мүмкіндігін сыйлады. Үш жыл ішінде жаңа мәдениеттермен танысып, жаңа достар таптым. Air Astana-дағы жұмысымды әрдайым қуанышпен еске аламын», – дейді Ақжан.

Emirates-тен шақырту

Әлемдік деңгейдегі алып компаниядан ұсыныс түскенде, Ақжанның ішінде қуаныш пен таңданыс қатар ұялаған. Себебі Fly Emirates – өз саласының шыңы. Дегенмен шешім қабылдау оңай болмаған. Жаңа ортаға бейімделу, үйреншікті жайлылық аймағынан шығу және жауапкершіліктің артуы үлкен батылдықты талап етті. Күмәндер мен қорқыныштарды жеңе білген Ақжан өз болашағы үшін дұрыс таңдау жасады.

Іріктеу кезеңі: тек мықтыларға орын бар

Fly Emirates-тің іріктеу талаптары өте қатал әрі жоғары екені баршаға мәлім. Ақжанның айтуынша, компания әрбір үміткерден кәсіби біліктіліктен бөлек, темірдей төзім мен психологиялық дайындықты талап етеді.

«Іріктеу процесі бірнеше күрделі кезеңнен тұрды. Алдымен онлайн өтінім толтырылып, одан өткендер кастингке шақырылды. Кастинг барысында үміткерлер топтық сынақтардан өтіп, арнайы тестер тапсырды және бетпе-бет сұхбаттарда өздерінің қабілеттерін дәлелдеді», – дейді Ақжан.

Бұл процестердің барлығы ағылшын тілінде ғана жүргізілгендіктен, тілді еркін меңгеру ең басты шарттардың бірі болды. Ақжан бұл сыннан мүдірмей өту үшін көп ізденіп, осы салада жүрген дос қыздарының тәжірибесіне сүйеніп, жан-жақты дайындалады. Бүгінде ол осы компанияда өзі секілді қазақ қыздарының көптігін көріп, олардың білімі мен талпынысына мақтанышпен қарайды.

Мамандықтың көлеңкелі тұстары

Стюардесса мамандығы сырттай қарағанда қаншалықты әдемі көрінгенімен, оның көлеңкелі тұстары мен ауыр жүгі де аз емес. Ақжан бұл саланың қиындығын да ашық айтады. Ұйқысыз түндер, тұрақсыз режим, физикалық және менталды шаршау. Мереке күндері жақындарыңның жанында бола алмау және кез келген жағдайда, тіпті көңіл-күйің болмаса да, жолаушыларға мейіріммен күлімсіреп қарау – үлкен ерік-жігерді талап етеді.

«Денсаулыққа да үлкен әсер етеді, сондықтан үнемі дәрумендер қабылдап, өзіңді күтуің керек. Бұл жолды тек аспанды шын жүрекпен сүйетін адам ғана таңдай алады», – деп түйіндеді ол.

Десе де, аспанда ұшуды шын сүйетін жан үшін бұл кедергілердің бәрі екінші орынға ысырылады. Ақжанның айтуынша, шетелдік әуе компаниясында жұмыс істеу – бұл әлемді танудың, түрлі мәдениет өкілдерімен тіл табысудың және өмірлік білім жинаудың зор мүмкіндігі. Ол арманы асқақ қыздарға тек әрекет етуді, ағылшын тілін тоқтаусыз дамытуды және өзіне деген сенімділікті жоғалтпауды кеңес береді. Себебі мақсатқа деген адалдық пен қажырлы еңбек қана адамды биік шыңдарға, тіпті әлемдік деңгейдегі компаниялардың борттарына жетелейді.

Сондай-ақ оқыңыз