Lifestyle

Қазақ етін аңсаған әнші Лобода Threads-те қонақжай халықтың тәбетін оятты

эстрада жұлдызы Светлана Лобода
Украина жұлдызы Қазақстанға келе жатыр / фото: Loboda/Facebook

Эстрада жұлдызы Светлана Лобода, Алматы мен Семей қалаларында өтетін концерттері қарсаңында, Threads әлеуметтік желісінде Қазақстанға сәлем жолдады. Әнші қазақ етін – дәмді тартатын жер іздейтінін жазып, көпшіліктен көмек сұрады.

Лобода көмек сұрайды

Украин жұлдызы желідегі жазбасын «Сәлем, Қазақстан» деп таза қазақ тілінде бастады.

«Қазақтар Тредсті жаулап алды деп естідім. 25 сәуірде Алматыда концерт беремін. Тәтті бешбармақ жейтін, қазақ «вайбын» сезінетін жер іздеймін«, – дейді Лобода.

Лобода ет жегісі келеді
Әнші Лободаның Threads желісіндегі парағынан скриншот

Әнші ең үздік ұсыныс иелерімен концерттен кейін грим бөлмесінде танысуға уәде берді.

Лобода желіні «жарған» жазбасын «Кеттік пе, достар?» деп тағы да таза қазақ тілінде аяқтады.

Ет пісіруден жарыс

Жұлдыздың желідегі жазбасы бір тәулікке жетпей жатып-ақ 19,2 мың «like» жинап үлгерсе, тағы 1 мыңнан астам адам пікір қалдырған. Әлбетте, қонақжай қазақтар әншіні өз үйіне шақырып жатыр.

«Мен ет (бешбармақ) пісіруден чемпионмын», – деп мақтанды жергілікті тележүргізуші Фима Иванов бір астау етті ұсына отырып.

«Біздің үйге қонаққа келіңіз – ең тәтті бешбармақ пен бауырсақты әйелім пісіреді», – деп жазды Дәурен Қожабаев есімді желі белсендісі.

қазақстандық тележүргізуші Фима Иванов
Әнші Лободаның Threads желісіндегі парағынан скриншот

Лободаның жазбасына қазақтар ғана емес, украин белсенділері де үн қосып жатыр. Мәселен, танымал журналист Дмитро Гордон әншіні Киевке шақырды.

«Киевке келіңіз, сұхбаттасамыз. Вайб та, беш те табылады», – дейді ол.

43 жастағы Светлана Лобода 2022 жылы соғыс басталған уақытта Ресейден біржолата кетті. Қазір ол отбасымен бірге Латвияда тұрады. Әнші соғыс отына оранған Отаны – Украинаға үнемі қолдау көрсетіп жүреді.

Лобода сәуір айында Қазақстанда екі концерт береді. Шоу 25 сәуірде Алматы қаласында, ал 26 сәуірде Семей қаласында өтеді.